Түркістан облысында 3 млн га жайылымдық жер тапшылығы анықталды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жайылымдық жерлердің тапшылығына талдау жүргізіліп, 3 млн 119 мың га қажеттілік анықталған. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифинг барысында баяндап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы 133 елді мекенге 135,8 мың га жер ортақ жайылымға бекітіліп берілген.

«Биыл екі бағыт бойынша қосымша 1 012 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, жыл соңына дейін ортақ жайылым аумағын 1 760 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Бірінші бағыт бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған жайылым жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жолымен 405,2 мың га, екінші бағыт бойынша ірі жер пайдаланушылармен меморандум арқылы 606,8 мың га қайтару жоспарланды. Қазіргі таңда 14 мың га жайылым жері мемлекет меншігіне қайтарылып, 85,1 мың га қатысты меморандум түзілді», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Өңір басшысы бұл жұмыстардың нәтижесінде 112 ауылдық округ тұрғындары ортақ жайылыммен қамтамасыз етілетінін айтады. Жалпы, облыстың 2025 жылға дейінгі жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен ортақ жайылымды 2 896,2 мың гектарға ұлғайту жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар