Түркістан облысында 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер 6 отбасына баспана сыйлады

Фото:
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер 6 отбасына баспана сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында әр жылдары мектеп бітірген түлектер әлеуметтік жағдайы төмен жерлестеріне үй салып беруді әдетке айналдырған. Игі іс биылғы жылы да өз жалғасын тапты.

Мәселен, Түлкібас ауданына қарасты Абай атындағы және Б.Садықов мектебінің 20 жылдық түлектері мұқтаж отбасыға аудан орталығынан қорасы, моншасы, сарайы бар алты бөлмелі үй сыйлады. Сондай-ақ, жиналған 8 млн. 600 000 теңгеге үйдің ішіне қажетті жиһаз-техникалар сатып әперген. Ал, Арыс қаласындағы Байырқұм ауылында 20 жыл бұрын мектеп бітірген оқушылар өздері білім алған мектепке 3 млн теңгеге демеушілік жасады. Бұл қаражатқа білім ұясындағы тозығы жеткен оқу үстелдері толығымен жаңартылды. Сонымен қатар, түлектер мектепке қоғам қайраткері, белгілі ақын Мұхтар Шахановты арнайы шақырып, рухани мазмұны мол кездесу ұйымдастырған.

Ал, Шардара ауданына қарасты, Қоссейіт ауылдық округіндегі «Сырдария» жалпы орта мектебінің 2003 жылғы түлектері көпбалалы отбасыға үш бөлмелі тұрғын үй тарту етті. Бұдан бөлек, Ордабасы ауданындағы Төрткүл елдімекенінде тұратын 1985-1986 жылғы туған түлектер төрт баласы бар жалғызбасты анаға баспана салып берді.

Игі дәстүр аясында Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінде де жалғасты. Мұнда да баспанасы жоқ бір отбасы үйлі болды. Бірлік ауылдық округіндегі №57 Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 2003 жылғы түлектері аллея салып берді. Келеске қарасты Ақтөбе ауылдық округіндегі №40 Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің түлектері қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың құрметіне ескерткіш орнатты.

Сауапты істен Жетісайлықтарда шет қалған жоқ. Ауданға қарасты Мақталы ауылдық округіндегі мектеп түлектері ауыл жұртшылығына Оңалбек Тастанбекұлы атындағы әмбебап спорт кешенін сыйға тартты. Осы уақытқа дейін ауылда заман талабына сай спорт кешені болмаған. Ғимаратта енді ауыл тұрғындары спорттың күрес, бокс, ауыр атлетика және қол күресі сынды түрлерімен жаттыға алады. Спортты жақсы көретін ауыл жастары үшін бұл – тамаша сыйлық болып отыр.

Кентауға қарасты Байылдыр ауылындағы мектепті 2003 жылы бітірген түлектер ауыл тұрғындарына жаңа аялдама тарту етті. Аялдама электр жарықшамдармен жабдықталып, жылдың төрт мезгіліне арнап салынған.

Сондай-ақ Созақ ауданында қос бірдей отбасыға тұрғын үй кілті табысталды. Аудан орталығында Т.Әлімқұлов атындағы мектеп-лицей интернаты мен А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектепті бітіргеніне 20 жыл болған түлектер Шолаққорған ауылының тұрғыны, көпбалалы отбасына жаңа баспананы тарту етті.

Жер учаскесі 15 сотықты құрайды. Қосалқы шаруашылықты дамытуға және бау-бақша өсіруге мүмкіндік береді.

Ал, Таукент кентіндегі І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінен түлеп ұшқан азаматтар мектепті бітіргендеріне 20 жыл толуына орай көпбалалы, жалғызбасты анаға көпқабатты тұрғын үйдің бірінен пәтер кілтін табыстап, қуанышқа бөледі.

Қос баспана да асхана және үйге қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтылған.

Тұрғын үй иелері ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтерді паналап келген. Бүгінгі күндегі қуаныштарын жасыра алмай, игі іске ұйытқы болған жастарға алғыстарын айтты.

Фото: Түркістан өмірлік коммуникация қызметі
Соңғы жаңалықтар