Түркістан облысында 2 мыңнан аса адамды кене шақты
Басқарма басшысының сөзінше, кене шағу фактілері негізінен жайылымдар мен қоралары бар үйлерде тіркелген. Алайда, шомылатын орындар мен саябақтарда да жәндіктер көбейгені байқалған.
«Биыл Түркістан облысында 2 мыңнан аса адамды кене шақты. Оқиғалар былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 387 жағдайға көбейіп отыр. Қазір жауапты мекемелермен жұмыс істеп жатырмыз. Айта кетейік, былтыр Конго-қырым қанды безгегін туғызатын кенелер 8 адамды шаққан. Оның екеуі қайтыс болды. Биыл бір адам көз жұмды», - дейді Серік Тұрбеков.
Өңірде кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары қора-қопсылар мен жайылымдарда жүргізілген. Дегенмен сала мамандары кенелер кездесетін барлық жерлерді залалсыздандыру мүмкін еместігін айтуда. Сондықтан тұрғындарды мейлінше сақтық шараларын қолдануға шақырды.