Түркістан облысында 17 жеке сот орындаушының лицензиясы тоқтатылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» Түркістан облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңестің кезекті отырысы өтті. Келелі басқосуда облыстық жеке сот орындаушылар тарапынан атқарушылық құжаттарды орындау барысында қолданыстағы заңдардың сақталуы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күн тәртібіне сәйкес, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Алмасбек Момбековтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері прокуратурамен жеке сот орындаушылардың іс жүргізуіндегі атқару өндірісіне жүргізілген талдаулар мен тексерулердің нәтижесімен бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, тиісті органдарға 9 наразылық пен 5 тәртіптік іс қозғау және 82 ұсыныстары жолданған. Талдау нәтижесімен 151 сот орындаушы жауапкершілікке тартылып, тағы 17 жеке сот орындаушының лицензиясы уақытша тоқтатылған.

Кеңес отырысында Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мәлімет берді. Баяндамашының сөзінше, өңірде алиментті төлету, айлық жалақы өндіру, мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты арыз-шағымдар азаяр емес.

Қоғамдық кеңес мүшелері сот орындаушылар заң аясында халыққа сапалы қызмет көрсету керектігін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Алимент төлей алмай жүрген борышкерлерді жұмыспен қамту, сот орындаушылардың этикасын жақсарту, жұмыс кабинеттеріне сенім телефонын орнату секілді мәселелерге назар аудару керектігін сөз етті.

Жиын қорытындысында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңестің қаулысы қабылданды.

Соңғы жаңалықтар