Түркістан облысында 1000 жылдық тұт ағашы бүр жарды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 1000 жылдық тұт ағашы бүр жарды. Алты адамның құшағы әрең жететін ағаштың түбі қурап кеткенімен, төбесіндегі бұталары жапырақ ашып, көгеріп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1000 жылдық тұт ағашы Түркістан қаласынан 30 шақырым жердегі Қарнақ ауылында орналасқан.

Жергілікті тұрғындар оны мәжарат тұт деп атайды. Биіктігі 8-9 метр болатын ағашқа 6 адамның құшағы әзер жетеді.

«Жалпы бұл ағаш туралы бірнеше аңыз-әпсана бар. Соның бірінде VІІІ ғасырда ислам дінін Орта Азия елдеріне таратуға келген араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслим отырғызғаны айтылады. Ал, екінші нұсқада Имам Бахли есімді діндар кісі жылқы байлау үшін, жерге қаққан деген ағаш көгеріп, өсіп шыққан деген дерек бар. Ал, кей әпсаналарда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары осы маңнан өткенде бұлақ басына тіреп қойған аса таяғы қалып кеткен деседі», - дейді шырақшы Абдулатип Смайлов.

Қазір ағаштың түбірі қурап кетсе де, шыбықтары көгеріп, жапырақ ашып тұр.

Ал, ортасы үшке бөлінген. Ауыр тартқан бөліктерін тұрғындар арнайы ағаштармен тіреп қойыпты.

Соңғы кезде алып ағашты арнайы көру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келетіндер көбейген.

Тіпті шет елден келіп жатқандар да бар екен. Баршасы тұт ағашының басында құран оқып, тілек тілейді.

Абдулатип Смайловтың айтуынша, ауылда мұндай тарихи екі тұт ағашы болған екен. Біреуін ауыл балалары ойнап жүріп, өртеп жіберіпті.

Ал, екіншісін жергілікті тұрғындар қамқорлыққа алып, қоршап қойған. Арнайы құдық қазып, арық тартқан.

«Көптеген жылдар бойы суарылмай қалды. Содан қурап кеткен болатын. Қазір су келіп тұр. Жиі-жиі суарып тұрамыз. Бүр жарып, көк ала бастаған көріп, қуанып жүрміз. Бұл да бір жақсылықтың нышаны болар» - дейді ол.



Соңғы жаңалықтар