Түркістан облысында 10 науқас коронавирустан ем қабылдап жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бүгінгі таңда Түркістан облысының инфекциялық стационарларында 10 науқас коронавирус инфекциясымен жатыр.

Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының сөзінше, вирусты жұқтырған азаматтардың барлығына медициналық хаттамаға сәйкес тиісті емдік шаралары көрсетілуде. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Ауру балалар арасында тіркелмеген.

«Облыс бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Өңірде індеттің ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы барынша жасақталды. Жасанды тыныс алу аппараттарының саны артып, қосымша 4 оттегі станциясы орнатылды. Бүгінде 8 ауруханада жеке оттегі станциясы бар. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Оттегі нүктелерінің саны 3000-ға жуық. Пульсоксиметрдің қамтамасыз етілуі 190-нан 3879-ға дейін жетті»,-деді Марат Пашимов.

Аймақтағы барлық медицина ұйымдарында 2-3 айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Коронавирустық инфекцияның әр түрлі болжамына байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.

«Коронавирус инфекциясымен күрес шаралары аясында таяуда 12 бірлік жылжымалы медициналық кешен жиынтығы сатып алынып, аудандарды қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ды құрады. Ал, облыстың жедел-жәрдем қызметі паркін жыл соңына дейін 96%-ға жаңарту жоспарланып отыр»,-деді Марат Пашимов.

Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы пандемия басталғалы бері коронавирус инфекциясы расталған 3 478 жағдай тіркелген. 3 390 науқас қауіпті вируста жазылып шыққан.


Соңғы жаңалықтар