Түркістан облысында 1 млн астам сайлаушы дауыс береді деп күтіліп отыр

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында дауыс беру процесі ерекше форматта өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтар болсақ, кітап көрмесі мен қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, өнерпаздар ән шырқады.

Дарынды жастардан құралған оркестр мен мың бұралған бишілер де өнер көрсетті.

Ал ақсақалдар қауымы мен ақ жаулықты әжелер дауыс беру арқылы өнеге көрсетіп, көш бастады. Сондай-ақ, орталық алаңдарда азық-түлік жәрмеңкесі өтті.

Онда күнделікті тұтыну тауарлары мен азық түліктер нарықтан 10-15 пайызға арзан бағада сатылымға шықты.

Түркістан облысының тұрғындары да таңмен таласа келіп, сайлауда белсенді түрде дауыс беріп жатыр.

Сайлаудан пробация қызметінде тұрушылармен қатар ауруханадағы емделушілер де тыс қалған жоқ. Үйден дауыс беретін азаматтарға да қолайлы жағдай жасалды.

Ал, перзентханадағы жас аналар сайлауға 100% қатысты. Сәбилі болған аналар да сайлау науқанынан тыс қалған жоқ.

Ғасыр жасаған кейуаналар мен кәмелет жасына толған жасөспірімдер де сайлауда дауыс беріп, азаматтық белсенділігін көрсетті.

Айта кету керек, Түркістан облысы бойынша 919 сайлау учаскесі бар. Оның 50-і облыс орталығында орналасқан.

Облыста 1 миллионнан аса сайлаушы дауыс береді деп күтіліп отыр.

Еске салайық, облыс аумағында сайлау күні қоғамдық көлік тегін қызмет көрсетіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар