Түркістан облысынан Астанаға 500 тонна азық-түлік жөнелтілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысынан Астанаға азық-түлік өнімдері тиелген керуен аттанды. 496 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары қыркүйек айының 22-23 күндері Елордадада өтетін Түркістан облысы тауарөндірушілерінің кезекті жәрмеңкесінде саудаланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған шараға жалпы құны 201 млн теңгені құрайтын азық-түлік өнімдері жолданды. Атап айтқанда, 80 тонна ет өнімдері, 141 тонна көкөніс, 28 тонна сүт және 90 тонна бақша өнімдері, 53 тонна жеміс-жидек, 26 тонна картоп жөнелтілді.

Сондай-ақ, 10 мың дана жұмыртқа және 5 тонна балық, 4 тонна бал, 10 тонна кептірілген жеміс, 14 тонна түрлі консервілер және 45 тонна басқа да өнімдер бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жәрмеңкедегі тауарлар базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылмақ.

«Отандық өнімдеріміз қала тұрғындары мен қонақтарына жәрмеңке арқылы ұсынылады. Түркістан облысы Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында осымен 4-ші рет жәрмеңке өткізіп отыр. Осы аралықта Елордаға 14 753 тоннаны құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 28 түрі жөнелтілді. Осы шараны өткізуге өңіріміздің 35 ірі және қосалқы шаруа қожалықтары мен кәсіпорындары атсалысуда», - деді Нұрбек Бадырақов.

Жалпы, биыл түркістандық шаруалар 500 мың тоннаға жуық өнімді Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспорттаса, 1 млн тонна тауар еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді.

null 

Соңғы жаңалықтар