Түркістан облысынан 560 отбасы солтүстік өңірлеріне қоныс аударған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысынан өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 560 отбасы солтүстік өңірлеріне қоныс аударған. Сала мамандары бұл жұмыстардың барлығы өңірдегі үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асқанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, 427 отбасы көшіріледі деп жоспарланған. Алайда бұл көрсеткіш артығымен орындалды. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен осы бағдарламаны насихаттау бойынша өңірдің БАҚ өкілдері СҚО, Қостанай және Ақмола облыстарында болып қайтты. Сонымен бірге «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы облыстағы аудан, қалаларда тұрғындармен кездесіп, теріскейге қоныс аударудың шарттары мен тиімді тұстарын насихаттаған болатын.

Елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Еңбек» бағдарламасының мақсаты – халқы тығыз орналасқан Оңтүстіктегі облыстардың тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге қоныстандыру болған. Осы бағдарлама қолға алынған 2015 жылдан бері оңтүстік өңірінен жалпы 4935 мүшесі бар 1365 отбасы теріскейге қоныс аударған. Мәселен, ағымдағы жылы Түркістан облысынан бағдарлама бойынша 62 отбасы (221 адам) Қостанай облысына қоныстанса, 115 отбасы (230 адам) Шығыс Қазақстан облысына көшкен. 288 отбасы (832 адам) Солтүстік Қазақстан және 95 отбасы (474 адам) Павлодар облыстарына көшіп барды. ҚР бойынша қоныс аударғандар арасындағы Түркістан облысының үлесі 28 пайызды құрап отыр. Қоныс аударған 895 еңбекке қабілетті тұрғынның 622-сі тұрақты жұмыспен қамтылса, 47 адам жеке кәсібін ашқан. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері, бос тұрған ғимараттар ұсынылған. Баспана бойынша көмек көрсетілген. Сондай-ақ көшіп-қонуға байланысты мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілген.

Жалпы былтыр Солтүстік өңірлерден 6 топ, 96 жұмыс беруші арнайы келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал, облыс әкімдігі және осы салаға жауапты басқарма тарапынан да тиісті іс атқарылған. Жетісай ауданында «Өңіраралық бос жұмыс орындары» жәрмеңесі өткізілді. Аталған жәрмеңкеге 650-ден астам тұрғын қатысып, оларға 3 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Сонымен қатар демеушілер есебінен 150-ге жуық адам Солтүстік өңірдегі ахуалмен танысып қайтқан болатын.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының стратегиялық маңызы жоғары. Алдағы уақытта да партия филиалы облыс әкімдігімен бірлесіп, осы бағдарламаны насихаттау жұмыстарын жалғастырмақ. Жаңа мекенге барып, жаңа өмір бастауға, Қазақстанды өркендетуге түркістандық әрбір тұрғынның мүмкіндігі бар екені жиі айтылып жүр.


Соңғы жаңалықтар