Түркістан облысына өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының ауруханалары Германияда шығарылған өкпені жасанды желдету аппараттарымен толықты. «Jenny» маркалы 26 аппарат аудандық, қалалық ауруханаларға жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа медициналық аппараттарды облыс әкімдігінде арнайы мамандар таныстырды. Өмірзақ Шөкеев COVID-19 инфекциясының таралуына қатысты жағдайдың қатаң бақылауда екенін атап өтті. Соңғы үлгіде жабдықталған өкпені жасанды желдету аппараттары бір мезетте қан қысымын көрсетіп, жүрек соғысы мен кардиограмманы экранда бірден көрсетіп тұрады. Оларды өңірдегі ауруханалардың бірінші басшылары мен жансақтау бөлімінің дәрігерлері, инженер-мамандары тексеріп, қабылдап алуда.


Облыстық бюджет есебінен сатып алынған аппараттар ең алдымен, Жетісай, Ордабасы, Кентау, Отырар, Сарыағаш, Сайрам, Қарабұлақ, Түлкібас аудандық орталық ауруханалары мен Түркістан қалалық орталық және балалар ауруханасына жеткізілген. Аталған қондырғыларға облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы өткен жылдың желтоқсан айында тапсырыс берген. Сол уақтта белгіленген бағамен әрқайсысы 16 миллион теңгеге сатып алынған болатын.

«Бұл аппараттарды алып келуге жеткізуші компания қолдау көрсетті. Жаңа қондырғылар бұрынғы, яғни, қымбаттамай тұрғандағы бағамен сатып алынды. Оның үстіне неміс аппараттары балаларға да, ересектерге де арналған», - деді облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев.

Облыс аумағында өкпені жасанды желдету аппаратына тәуелді ауыр халдегі науқастар жоқ. Алдағы уақытта оған мұқтаждар болған жағдайда қондырғылардың саны жеткілікті. Жеткізуші компания өкілдерінің құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан Түркістан облысына ешбір кедергісіз тасымалдауы бақылауға алынған болатын.


Соңғы жаңалықтар