Түркістан облысына Индонезиядан келетін туристер саны артып отыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының киелі жерлеріне зиярат жасағысы келетін индонезиялық мұсылмандар саны артуда. Бұл мәселе Джакарта қаласында Түркістан облысы делегаттары мен Индонезия елінің туроператорлары арасында өткен кездесу барысында сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екіжақты кездесу Түркістан облысы делегациясының Малайзия және Индонезия мемлекеттеріне жасаған роуд-шоуы аясында өтті. Делегаттар қатарында Түркістан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, «Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы - «Turkistan Invest» компаниясы, Түркістан облысының туризм индустриясын дамыту ассоциациясы, «Turkistan Tourism Center» ақпараттық орталығы, «Aray Deluxe Thermal Resort» шипажайы және «Sky Way», «Туркестан Элит тур», «Экспедиция Юг» туристік операторлары болды. Ал, іс-сапар Түркістан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

«Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы «Turkistan Invest» компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, индонезиялық саяхатшылар Түркістан өңірінде орналасқан Арыстан Баб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, аңыз бойынша Мұхаммед Пайғамбардың сахабасы болған Үкәш атаның құдығы үлкен қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, құпиясы мен сыры мол алып «Ақмешіт» үңгірі де туристер санының артуына септігін тигізуде. Жыл сайын Сауд Арабиясына умра және қажылық жасауға Индонезиядан миллиондаған мұсылмандар ағылып келеді. Көбіне, умра ғибадатын орындағаннан кейін зияратшылардың басым бөлігі Орталық Азияның киелі жерлеріне сапар шегеді.

«Орталық Азия елдеріне жасалатын турмаршруттарға Өзбекстандағы ежелгі Бұқара, Самарқанд қалалары, Иорданиядағы жартаста соғылған Петра қаласы және тағы басқа елдер кіреді. Ендігі кезекте баратын жердің географиясы кеңейеді. Оған Түркістан облысының киелі нысандары енеді деп жоспарлануда»,- дейді «Turkistan Invest» компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі басқарушы директоры Баян Каюпова.

Келіссөз барысында индонезиялық билік басындағылар Алматы мен Джакарта қалалары арасында тікелей әуе байланысын жасауды ұсынды. Бүгінгі таңда Алматыдан Джакартаға Малайзия астанасы Куала-Лумпур арқылы ғана ұшып баруға болады.

«Джакарта-Алматы тікелей әуе рейсін ашу өңірлеріңізге баратын туристердің, оның ішінде зияратшылардың санын арттыруға үлкен серпіліс береді. Бүгінде Индонезияда 270 млн жуық тұрғын өмір сүреді, оның 90 пайызын мұсылмандар құрайды. Менің ойымша, біздің зияратшылардың көбісі Түркістанға бару мүмкіндігін жіберіп алмайды», - дейді Индонезия президентінің арнайы өкілі Адатия Пердона .

Соңғы жаңалықтар