Түркістан облысына бөлінген көмірдің көрші мемлекетке сатылып жатқаны рас па

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысына бөлінген көмір қоры көрші мемлекетке сатылып жатқан жоқ. Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Мәліков осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында туындаған көмір тапшылығына қатысты ел ішінде көптеген болжамдар айтылып жатыр.

Тіпті, Түркістан облысына бөлінген көмір қоры көрші Өзбекстан мемлекетіне сатылып жатыр дегенде қауесет тарап жатыр.

Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте сала мамандары Түркістан облысына бөлінген көмірдің көрші мемлекетке саудаланып жатқаны туралы сауалға жауап берді.

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Мәліковтің айтуынша, Түркістан өңірінде шетелге көмір тасымалдайтын оператор тіркелмеген.

«Былтыр жауапты министрлік тарапынан 30 қыркүйектен бастап шетелге автокөлікпен көмір тасымалдауға тыйым салынған. Ал теміржолмен шығаруға мүмкіндік бар. Өткен жылғы 30 қыркүйектен бері Қазақстаннан Өзбекстанға 210 мың тоннадан астам көмір экспортталған. Айта кететін мәселе – көмірді эскпорттаушы компаниялар Қарағанды, Павлодар, Ұлытау облыстарына тіркелген және кедендік рәсімді сол өңірлерде ресімдеген. Түркістан облысы аумағында көмір экспорттайтын салық төлеушілер тіркелмеген және мемлекеттік кірістер департаментінде ресімделмеген, – деді ол.

Айта кетейік, бұдан алдын Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай Түркістан облысында көмір тапшылығы жоқ екенін мәлімдеген болатын.


Соңғы жаңалықтар