Түркістан облысына 703 млрд теңге инвестиция тартылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында өткен жылы 703,3 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтың айтуынша, өңірде экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өнеркәсіп өнімнің көлемі өткен жылы 535,2 млрд теңге болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы сондай-ақ, өткен жылы облыста 258 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін жеткізді.

Бұл 2019 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 3,5%-ға артқанын көрсетеді. Ал, биыл бұл көрсеткіштерді айтарлықтай арттыру көзделген.

Мәселен, аймақта жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141 мыңға жеткен.

Соңғы 2,5 жылда олардың саны 14 мыңға өскен. Осы салада 218 мың адам жұмыспен қамтылған.

Бұл секторда 555 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен кезеңмен салыстырғанда 15,6%-ға ұлғайған.

Басты көрсеткіш шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 21% құрап (2020 жылдың 9 айы) стратегиялық картада міндеттелген индикатор көрсеткіші толығымен орындалды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 29 млрд теңгені құрайтын 287 жоба қаржы институттарымен қаржыландырылды.

Бұл - еліміздегі ең үлкен көрсеткіш.

«Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда өңірлер арасында көш бастап тұрмыз. Кәсіпкерлердің өндірістік қуатын қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасының бюджеті 23%-ға ұлғайып, 2,9 млрд. теңгеге жетті. Нәтижесінде 400-ге жуық кәсіпорына қолдау көрсетіліп, қаржыландырылды. Бизнес-ахуалды жақсарту мен қолдау мақсатында облысымызда «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай сервисі іске қосылып, жұмыс жасауда. Кәсіпкерлерге 33 мыңнан астам қызмет түрлерін көрсетіп, 1 мыңнан астам бизнес жоспарлардың 78%-ы қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелденді. Нәтижесінде, облысымыз 2020 жылдың қорытындысымен «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» рейтингі бойынша Республикада 1 орынды иеленіп, бизнесті жүргізу бойынша үздік өңір болып атанды»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Биыл «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлік субъектілерін 70 млрд теңгеге жуық жеңілдетілген 6% несиемен қамтамасыз ету жоспарланған.

«Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай сервисі арқылы 40 мыңнан астам қызметтер көрсетіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 150 мыңға дейін жеткізіліп, өндірілетін өнім көлемін 900 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген.

«Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастығы орталығын құру мақсатында Сарыағаш ауданында 200 гектар аумаққа сауда орталығының құрылылыс салу жобасы әзірленеді деп жоспарланып отыр.

Маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, облысқа 703,3 млрд теңге инвестиция бағытталып, нақты көлем индексі 59,4% артқан.


Соңғы жаңалықтар