Түркістан облысын шегіртке басып, кейбір ауылдардың жағдайы өте қиын

None
Фото: wired.co.uk
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Арыс пен Сарыағаш аудандарында шегіртке қаптап кетті. Марокко зиянкестері әсіресе жайылымдық жерлерді жайпап барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыағаш ауданының тұрғындары шегірткемен күресті күшейтпесе, төрт-түлігіміз азықсыз қалады деп уайымдайды. Аудан орталығынан шалғай жатқан Әлімтау ауылында қазір зиянкестер асфальт жолға дейін шығып кеткен.

«Осындай шалғай ауылда малмен жан бағып отырмыз. Ал, шегіртке жерге шыққан азғантай шөпті жеп жатыр. Биыл зиянкестерді дәрілеу кеш жүргізілді ме білмеймін, бірақ жәндіктер өте көп»,- дейді Әлімтау ауылының тұрғыны Батырхан Мұтанов.

Ауылдың іргесінде мал жайып жүрген тұрғындар шегірткенің аз ғана уақыттың ішінде жайылымның біраз бөлігін жайпап кеткенін айтады. Малшылар мал жаятын жер таппай қаламыз ба деп алаңдайды.

«Өткен жылы шөп шықпай, қуаңшылық болған еді. Биыл шөп жақсы болып еді, оны да шегіртке жеп жатыр. Тәтті шөптің бәрін жеп қойған. Кілең мал жемейтін шөптер қалды. Не істерімізді білмей отырмыз енді»,- дейді Әлімтау ауының тұрғыны Бауыржан Жаманқұлов.

Әлімтаулықтар зиянды шегірткенің енді егістік алқаптарға өтіп жатқанын айтып дабыл қағуда. Шегіртке малға азық болар арпаны да, бидайды да қоймай жатыр дейді. Ауылдың айналасын дәрілегенімен, зиянкестер азаймай отыр. Ал онымен өздігінен күресуге диқандар дәрменсіз.

«Анау тұрған 500 гектар арпаны бітірді. Енді бидай егілген жерге қарай өтіп бара жатыр. Оны тоқтатпаса бидай да жоқ биыл»,- дейді Әлімтау ауылының тұрғыны Сапар Райымбекұлы.

Аудандық аумақтық инспекция басшылығының мәліметінше, өткен айдан бері шегірткелерді арнайы көліктермен қатар ұшақпен улау жұмыстары жүргізілуде. Алайда ауа райының жауын-шашынды болуы мен желдің жиі соғуы дәрілеу жұмыстарын біршама кешіктіріп отыр.

«Ауа райы биыл қолайсыз. Жаңбырлы болғанымен, күн суық. Әрі жел секундына 25 метр жылдамдықпен соғып жатыр. Мұндай жел мен жаңбырда дәрі шашу тиімсіз. Сондықтан біз мұндай кезде жұмысты тоқтатамыз. Жұмысты кешке бастап, уақытпен санаспай жүргізіп жатырмыз»,- дейді Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ибрагим Бегасылов.

Қазір Әлімтау ауылында зиянкестерге қарсы 11 техникамен дәрі себілуде. Бір ұшақ та жұмылдырылған. Жалпы биыл Арыс пен Сарыағаш ауданында 67 мың гектар аумақты улау жоспарланған болса, бүгінде ол жұмыстардың 70 пайызға жуығы атқарылған.

Ал, өңірдің Арыс, Шардара, Отырар сияқты алты ауданында шіркей қаптап кетті. Әсіресе, Көксарай су қоймасы мен Сырдарияның жағасындағы елді мекен тұрғындары жәндікке таланып жатырмыз деп дабыл қағуда. Күн ысыса зиянкестер көбейіп, жұрт тіпті далаға шығудан қалмақ. Қанатты жәндіктер тіпті жаңа туған төлдерді шағып, малшылар малды күндіз өріске шығаруды да қойыпты. Сәуір айынан бері шіркейге таланған Көксарай ауылының тұрғындары осылай деп отыр. Күн ұзаққа бетін тұмшаланып жүруге мәжбүр болған халық егіске де, мал жаюға да шыға алмай қалған.

«Балалар ды үйде отыр. Күніне бес минут қана шығады, әйтпесе шіркей жеп қояды. Онымен қосылып үйге кіреді ғой олар»,- дейді Көксарай ауылының тұрғыны Мөлдір Қасымбек.

Қазір шіркейге таланған базбір тұрғындар бала-шағаларымен ауруханаларды жағалап жүр. Солардың бірі Гүлжан Зұлпыхарова немерелерімен бірге жарадан көз ашпай қалғанын айтады. Себебі шіркей шаққан жерлер жара болып, жазылмай қалыпты. Енді қайда қашатынымызды да, қалай емделетінімізді де білмей отырмыз дейді.

«Шіркей үйімізге дейін кіріп кетті. Ересектермен қоса балаларды да шағып, жара болып жатыр»,- дейді Көсарай ауылының тұрғыны Гүлжан Зұлпыхарова.

Көксарайлықтар осыдан енді шіліңгір шілдеге дейін қиын болатынын айтады. Олар өткен жылы шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізілмеу салдарынан биыл екі есе көбейіп кетті деп санайды. Ал биыл бұл жұмыстар бір айға кеш басталды дегенді алға тартады.

«Шіркей жаңадан туылған кезде көзін жою керек еді. Биыл да кешігіп жатыр»,- дейді Көксарай ауылының тұрғыны Хайролла Аймұрзаев.

Жауаптылар болса зиянкестерге қарсы күрес бір ай емес, бір аптаға ғана кешеуілдегенін айтады. Бүгінде өңірдің алты ауданында дәрі себу шаралары жүргізіліп жатыр. Ең көп зардап шеккен Отырар ауданында бастапқыда сегіз ауылдық округті залалсыздандыру жоспарланса, шіркейдің көбеюіне байланысты барлық елді мекенде дезинсекция жұмыстары жүргізілетін болған.

«Отырар ауданында алдын ала белгіленген 8 елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Оған қосымша тағы бес ауылдық округ белгіленіп, онда сәуір айының аяғына дейін залалсыздандыру жүргізіледі. Енді шіркейге әсері міндетті түрде болады. Себебі, ол ошақтары залалсыздандырылып жатыр»,- дейді Отырар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов.

Қазіргі таңда өңірде шіркейді дәрілеу жұмыстарына 644 млн теңге қаржы қаралып отыр. Сондай-ақ, арнайы ғылыми топ құрылып, жәндіктердің көбею ошақтарын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен ауыл тұрғындары соңғы он жылда көзі жойылмаған шіркейден біржолата құтыламыз дегенге сенбейді. Өйткені Көксарай су реттегіші салынғаннан кейін пайда болған жәндіктермен түбегейлі күресу керек деп отыр.


Соңғы жаңалықтар