Түркістан облысы: Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жандануы тиіс

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің 2019 жыл бойынша алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжілісті облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, кеңес төрағасының орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізді.

Күнтәртібінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары М.Есімова мен Кентау қаласы әкімінің орынбасары С.Расулдың, Сарыағаш аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Қозыбаевтың, Отырар ауданы әкімінің орынбасары П.Жаппарқұловтың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 2018 жылы және 2019 жылдың 6 айында атқарған жұмыстарының есептері тыңдалды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 121 қоғамдық бірлестік тіркелген. Облыста 6 саяси партияның («NurOtan», «Ақжол», «Ауыл», «Қазақстан Коммунистер партиясы», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы», «Бірлік») филиалдары жұмыс жүргізуде.

Биыл облыстағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың негізгі бағыты, яғни азаматтық бастамалар орталығы, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау, экология, туризм, дін және өзге де тақырыптар бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілмек. Бұл – үкіметтік емес ұйымдар үшін үлкен қолдау.

Жиында Түркістан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Тәжібаев «Қоғамның азаматтық белсенділігі жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Бұл қадамдар жергілікті атқарушы билік жұмысының тиімділігін арттыруға тікелей септігін тигізеді. Әсіресе өңірдегі әлеуметтік мәселелердің шешіміне ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруға үкіметтік емес сектордың көмегі мен белсенділігі қажет.

әМәселен кешегі Арыс оқиғасынан соң зардап шеккен қаланы қалпына келтіру, секторларға бөлінген тұрғындармен келісімдер жасау, олардың сұрақтарын әкімдікке жеткізіп, шешімін табуға атсалысу барысында нағыз азаматтық белсенділер ел ортасынан шықты. Гуманитарлық көмекті бөлу, тарату барысында еріктілер де ерекше үлес қосты. Мұндай халық пен биліктің ортақ мақсатына қызмет ететін азаматтық белсенділік мемлекеттің дамуы мен тұрақтылықтың орнауына ықпал етеді. Қиын сәтте іске асқан осындай бастамалар мен тиімді жүйені өзге аудандарда жүзеге асыруға пайдаланамыз», - деді Бейсенбай Тәжібаев.

Оның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдардың бірі мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын мұңдаса, ендігі бірі экология мен тұтынушылардың жоғын жоқтайды. Өзге де салаларда атсалысады. «Сондықтан ұйымдармен бірлесе қызмет еткен жағдайда ғана қоғамдық күшке айналып, нәтижеге қол жеткізе аламыз», - деп атап өтті Бейсенбай Тәжібаев.

Ал «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы Шәріпбек Жамалбекұлы «Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетуге арналған азаматтық орталықты ұйымдастыру мен дамыту» жобасын жетілдіруді, аудандардағы ақпараттық ресурстық орталықтарының әлуетін арттыру қажеттілігіне, өңірдегі 700-ден астам ҮЕҰ-дың ортақ базаға тіркеу мәселесіне, үкіметтік емес секторын дамытуға тоқталды.

Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың арасында тиімді ынтымақтастық орнату негізінде жұмыс сапасын арттыруға бағытталған кеңес отырысында «Береке» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р.Абдуллаева, «ЭКО Атамекен» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Ниязова, «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Керімбеков, Қазақстан Республикасы «Чернобыль одағы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Әшірбаев сынды азаматтар Түркістан облысының үкіметтік емес ұйымдарына, бастама топтарына, белсенді тұрғындарына оқыту және консультациялық қызметтер көрсету жұмысын күшейтуді, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қаржыландыруды қоғамның аса қажетті салаларына бағыттауды, ашықтықпен жұмыс жүргізуді, аудандардағы үкіметтік емес ұйымдардың тұрғындармен тікелей байланысу маңыздылығын ерекше атап өтіп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Осы тұста айта кетерлігі, Түркістан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырыстары алдағы уақытта аудан, қалаларда ұйымдастарылатын болады.

Соңғы жаңалықтар