Түркістан облысы трассаларына үй жануарларының муляжы қойылып жатыр

None
ТҮРКІСТАН. Қазақпарат- Түркістан облысында трассаларға үй жануарларының муляждары қойылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі ең қауіпті саналатын облыстық маңызы бар жолдардың бойына үй жануарларының муляждары орнатылып жатыр.

Атап айтқанда, Шолаққорған – Шымкент бағытына 2 дана, Шолаққорған-Түркістан бағытына біреу және Шолаққорған-Таукент бағытында бір белгі қойылды.

Аталған жолдарда ірі қара мал көп жүреді. Ал олардың макеті алыстан анық көрінеді.

Ал Созақ ауданында жылдамдықты бәсеңдетуге ескерту жасайтын белгілер ауданда алғаш рет тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қойылып отыр.

«Белгілер жол-көлік оқиғаларының алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында орнатылды. Түйе, жылқы, сиырдың муляжын арнайы мал жайылымы тұсына орнаттық. Себебі бұл аймақтарда ірі қара мал мен көлік соқтыққан жағдайлар жиі кездеседі. Алдағы уақытта өз нәтижесін беріп, оқыс оқиғалар азаяды деп сенеміз», – дейді Созақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәулет Құдайбергенов.

Фото: Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


Соңғы жаңалықтар