Түркістан облысы Шорнақ ауылындағы жанжал: Полиция 4 адамды ұстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысы Шорнақ ауылында жастар арасында туындаған тұрмыстық жанжалға қатысты мән-жайды айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістан облысы Шорнақ ауылында жастар арасында тұрмыстық жанжал болды. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, салдарынан бір учаскелік инспектор мен 3 тұрғын жарақат алды. Оқиға орнына дереу жеткен полиция учаскелік инспекторы жарақат алғанына қарамастан заңбұзушылықтың жолын кесті. Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысқан 4 азамат анықталып, ұсталды», - деді Ерлан Тұрғымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде жанжалдың неден шыққаны, барлық мән-жай тексеріліп жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу басталған.

«Бірақ арандатушылар әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып, жалған ақпарат таратқан. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Бұл үшін заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертемін. Ауылдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері өз жұмысын күшейтті. Қазір жағдай тұрақты», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар