Түркістан облысы ОА елдерінің жақындасуына сеп болады - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістан облысының құрылуы Орталық Азия аймағындағы халықтардың жақындасуына сеп болады. «Нұр Отан» партиясы Талдау, болжау және стратегиялық бастамалар институты Ақпараттық-коммуникациялық және халықаралық ынтымақтастық секторының сарапшысы Айдана Отарбай осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оңтүстік Қазақстан облысы атауының Түркістан болып өзгеруі және Түркістан қаласын аймақ орталығы ретінде анықтау - бұл заңды үрдіс. Ең алдымен, бұл тарихи тамырлар мен тарихи өткелдерге жүгініп, зор рухани өрлеуді сезіну», - дейді Айдана Отарбай.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның заманауи тарихында облыс орталықтары екі рет ауыстырылған. 1999 жылы Көкшетау облысының бірқатар аймақтары Ақмола облысының құрамына беріліп, ал оның облыс орталығы Астанадан Көкшетауға ауыстырылған. 2001 жылы Алматы облысының әкімшілік орталығы Алматыдан Талдықорғанға көшірілді.

«Түркістан - ғасырлар бойы Қазақ хандығы мен бүкіл түркі әлемінің әлеуметтік-әкімшілік орталығы, саяси және тарихи өмірінің жүрегі болған рухани астана. Бұрын Түркістан сөзі бүкіл Орталық Азияны атау мақсатында қолданылған. Түркістан генерал-губернаторлығы барлығымыздың есімізде. Енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан облысы да өз тарихын қайта бастады. Бұл бастама, бірінші ретте, Орталық Азия аймағындағы халықтардың жақындасуына сеп болады. Сөзсіз, бұл халықаралық тұрғыда көрші мемлекеттермен ынтымақтастықты кеңейту және нығайтуда өте маңызды оқиға», - дейді сарапшы.

Сарапшы өз сөзінде бүгінгі күні Түркістан облысы жаңа әкімшілік қызметтерді сапалы орындау мақсатында барлық мүмкіндіктерді иеленгенін айтады. Сонымен бірге, қала және аймақ дамуына тиімді әсерін тигізетін жаңа субсидиялар мен қаржылық әсерлер тартыла бастайды.

«Қала аграрлық тұрғыдан басымырақ дамып, бүкіл республика үшін азық-түліктік базаға айналады. Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылға қарай экономикалық өсудің негізгі драйвері ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу болып табылады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыс орындарымен қамтуға септігін тигізеді. Жаңа әлеуметтік, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылатын болады. Түркістан үшін бұл аймақтағы әлеуметтік қауырттылықты бәсеңдетуге зор мүмкіндік береді», - дейді ол.

Айдана Отарбай сонымен қатар, Шымкент қаласы мегаполис дәрежесінде тек біздің мемлекетіміз үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймақтары үшін де инвестициялар, технологиялар және зияткерлік ресурстарды тартушы жаңа орталық болатынын атап өтті.

«Оңтүстік Қазақстан облысы атауының Түркістан облысы болып өзгертілуі және Түркістан қаласының аймақ орталығы ретінде анықталуы - Қазақстан тарихының жаңа парағы ашылғандығының сөзсіз белгісі», - деп түйді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар