Түркістан облысы мен Шымкент қаласының журналистері арасында спартакиада басталды
Спартиакаданың ашылу салтанатында Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, аталған шараның маңыздылығына тоқталды.
«Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай өңірде көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгін де дүбірлі сайыс басталып кетті. Сіздерді спартакиаданың ашылуымен облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Облыстар мен қалалар шекарамен бөлінгенімен журналистер қауымы шығармашылық тұрғыда бірлесіп, елді бірлікке, ізгілікке бастауы тиіс. Қоғамды дамытуда сіздердің де қосар үлестеріңіз мол. Сондықтан қос өңірдің журналистерін бөле-жармай, спартакиаданы бірге өткізіп отырмыз», – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Сайыста облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев пен ҚР Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, ардагер қаламгер Нұрмахан Назаров та журналистерге жылы лебіздерін білдірді. ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы мен Шымкент қалалық филиалының басшылары Ғалымжан Елшібай мен Айгүл Қапбарова да әріптестерді кәсіби мерекемен құттықтап, шын мықтылар жеңсін деген тілектерін жеткізді.
Түркістан қаласында өткен жарыстың алғашқы күні тілшілер қауымы волейбол, жүзу, шахмат, арқан тартыс түрлері бойынша сайысқа түсіп жатыр. Қалған 5 түрі бойынша Шымкент қаласында ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шара тілшілер қауымы арасында салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестер арасындағы шығармашылық және достық қарым-қатынастарды нығайту және бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткізілуде.
Айта кетейік, сайыс Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының ұйымдастыруымен өтуде. Спартакиадаға Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы, Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетуде.
Сонымен, Түркістан төрінен бастау алған спартакиада 16 маусымда Шымкент қаласында қорытындыланбақ. Жеңімпаз командалар мен журналистер арнайы марапаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болады.
Еске салайық, 2018 жылы 19 маусымда Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылған болатын. Осыған орай Түркістан облысында мәдени, рухани, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.