Түркістан облысы мен Индонезия мемлекеті тығыз байланыс орнатады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат  - Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рахмат Промономен кездесіп, уағдаластыққа қол жеткізді. Облыс орталығына арнайы келген елшіні қабылдаған өңір басшысы Индонезияның әлеуеті жоғары мемлекет екеніне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы әріптестік пен достық-экономикалық байланысты нығайта түсу үшін жиі кездесіп, тағы да келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты. Индонезия туризм саласында табысқа жетіп жүрген мемлекет екенін атап өтті.

«Біздің өңір үшін осы елдің туризмді дамыту бағытындағы тәжірибелерін меңгеру маңызды. Себебі, Индонезияда Қазақстанды, оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көргісі келетін саяхатшылар көп. Әуежай салынған соң облысымызға туристер ағылатыны анық. Қазір индонезиялықтар Өзбекстанның Самарқан, Бұхара қалаларына жиі саяхаттайды. Оларды облысымызға шақыруға мүмкіндік мол. Өйткені, Түркістан облысында тау да, өзен де, көл де, құм да, курортты аймақтар да, тарихи-мәдени ескерткіштер де көп. Түркістан-Самархан-Индонезия туристік бағытын қалыптастырып, әуе рейстерін аша білсек, туризмді дамытуға тиімді болмақ. Тек туризм саласы емес, сауда-саттық пен экономикалық әріптестікті де нығайтамыз»,- деді Жансейіт Түймебаев.

Аймақ басшысы сондай-ақ өңірдің диқандары  Индонезияға бақша өнімдерін, ет пен көкөніс экспорттауға қабілетті екенін жеткізді. Ол елден де тиімді жобалар ұсынылатынына сенім білдірді.

«Түркістан облыс орталығы атанғалы бері осында атбасын бұрған тұңғыш елші болғаныңыз үшін сізге алғыс айтамын. Еліміз үшін қастерлі қала деп әспеттелетін Түркістанды дамытуға үлес қосамыз, инвестиция салып, бірге жұмыс атқарамыз десеңіздер әріптестікті тереңдетуге әзірміз. Сізді 28 қыркүйекте Түркістан қаласында өтетін халықаралық инвестициялық және туристік форумға шақырамын», - деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Рахмат Промоно да жылы қарсы алған өңір басшысына ризашылығын білдіріп, Түркістан қаласынан ерекше әсер алғанын жеткізді. Екі ел арасындағы виза мәселесін жеңілдете түсу керектігіне тоқталды.

null null null 

Соңғы жаңалықтар