Түркістан облысы қылмыс ең аз жасалатын өңір – статистика

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы бірінші тоқсанда Қазақстанда 54 990 қылмыс тіркелді. Бұл, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 23,9% аз, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіне сілтеме жасап.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің деректері бойынша, бірінші тоқсанда республикадағы қылмыс деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 118 тіркелген қылмысты құрады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бөлінісінде 10 мың тұрғынға шаққандағы ең жоғары қылмыс деңгейі Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында, ең төменгі көрсеткіш - Түркістан облысында.

«Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 119,8% артты. Қылмыстар құрылымында олардың үлес салмағы 20,3% (2019 жылдың 1-тоқсанында - 9,3%), ауырлығы орташа және төмен 33,8% (66,5%) және 12,4% (14.0%) болды», - делінген ақпаратта.

Қылмыстардың арасында ең үлкен үлесті меншікке қарсы қылмыстар құрайды - 72,7% (2019 жылдың бірінші тоқсанында - 76,4%), олардың көпшілігі басқа біреудің мүлкін ұрлауға қатысты болды - 23,7 мың оқиға (39,4 мың). Сондай-ақ алаяқтық жағдайлары 10,2% артты.

Адамға қарсы қылмыстар саны 3230 оқиғаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8% аз. Адам саудасы - 50,0%, зорлау - 36,6%, адам ұрлау - 34,8%, қорқыту 19,5% төмендеді.

Ал адам өлтіру қылмыстары өткен жылмен салыстырғанда 26,1% көбейген.

«Республикада адам өлтіру деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 1,5 құрайды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бөлінісінде 100 мың адамға шаққандағы адам өлтірудің ең жоғары деңгейі Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстарында, ең төмені Түркістан облысында байқалады», - делінген ресми статистикада.

Республиканың құқық қорғау органдары қылмыс жасаған 21,2 мың адамды анықтады (2019 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда 17,5% аз), 9,2 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды (5,6% аз). Қылмыс жасаған барлық анықталған адамдардың көпшілігі жұмыссыздар - 83,8% (2019 жылдың бірінші тоқсанында 84,2%) құрады.

Орташа алғанда Қазақстанда қылмыс жасаған әрбір сегізінші адам – мас күйінде, әрбір тоғызыншы адам топ құрамында болған.

Қылмыс жасаған адамдардың жалпы санынан 510 адам немесе 2,4% - кәмелетке толмағандар, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,2% аз.

Қылмысқа барғандардың: 89-ы – 14-15 жастағы балалар (2019 жылдың бірінші тоқсанында - 162) немесе кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың 17,5%, 421-і – 16-17 жастағылар немесе 82,5%.


Соңғы жаңалықтар