Түркістан облысы халқын «кедей» деп айтуды қолдамаймын – Өмірзақ Шөкеев

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан өңірінің халқын «кедей» деп айтуды қолдамаймын. Бұл туралы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маусым айының басында Ұлттық статистика бюросы өңірлер бойынша 2021 жылдағы орташа жалақы туралы мәлімет ұсынған болатын. Оған сәйкес, ең төмен айлық (195,3 мың теңге) берілетін өңірлер қатарында Түркістан облысы бар.

«Біздің облыста халық көп, 2 млн асады. Көпбалалы аналардың үштен бірі – Түркістан облысында. Сондықтан адам басына шаққанда табыс аз болып көрінеді. Бұлай баға беру – әділсіздік. Сондықтан Түркістан өңірінің халқын «кедей» деп айтуды қолдамаймын.

Тағы бір мәселе, Түркістан облысы Шымкенттен бөлініп шыққан соң, тек ауыл шаруашылығы саласына бейім облыс болып қалды. Ондағы табыс, өндіріс пен кәсіпкерліктен біршама төмен. Бірақтан біз өндірісті дамытып жатырмыз, қуып жетеміз», - деді Ө.Шөкеев.

Сондай-ақ облыс әкімі өңірдегі қант тапшылығына қатысты айтып өтті.

«Статистикалық мәліметте қант бағасы 450 теңге деп тұрса да, қара базарда 740 теңгеден сатылуда. Ал әлеуметтік дүкендерде 350 теңгеден саудаланып жатыр. Жақын күндері 3 вагон қант келеді. Қазір қанттың 20 күндік қоры бар», - деді Ө.Шөкеев.


Соңғы жаңалықтар