Түркістан облысы бюджетіне жыл басынан бері 122 млрд теңгеден астам кіріс түсті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті ағымдағы жылдың 5 айында мемлекеттік бюджет жоспарын 103,5% орындаған. Жоспар 118 млрд 782 млн теңге болса, нақты түсім 122 млрд 960 млн теңгені құраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кірістердің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34 млрд 101 млн теңгеге артық болған.

Аталған департамент басшысының орынбасары Еркін Елшібековтың айтуынша, саланы цифрландыру бойынша Мемлекеттік кірістер органдары көрсететін 44 қызметтің 38 түрін электронды әдісте алу мүмкіндігі қарастырылған.

«Облыс бойынша 2021 жылғы 5 айдың қорытындысымен 529 039 қызмет көрсетілген. Оның 77%-ы электронды түрде көрсетілсе, 23%-ы қағаз түрінде көрсетілген. Бұл ретте қағаз жүзінде көрсетілген қызметтердің басым бөлігін электронды түрде алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Нақтырақ айтқанда: көлік құралдарына арналған кедендік декларация – 117 883, жолаушылар кедендік декларациясын қабылдау – 629. Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін облыстың 16 аумақтық Мемлекеттік кірістер басқармалары мен 7 кеден бекетінде жұмыс істейтін қызмет көрсету орталықтары үнемі Департамент тарапынан қатаң бақылауда. Қызмет алуға барынша қолайлы жағдай жасау бағытында тұрақты түрде жұмыс істеп жатырмыз», - деді Еркін Кеңесбекұлы.

Мемлекеттік кірістер органдары өз құзіреті шеңберінде тұрақты түрде бақылау жұмыстарын да жүзеге асырады. Бұл бағытта тәуекелдерді басқару жүйесі тиімді қолданылуда. Мәселен, электронды шот-фактура жазып беруді шектеу пилоттық жобасы аясында тәуекелі жоғары 312 салық төлеушіге хабарламалар шығып, нәтижесінде 139 салық төлеушінің электронды шот-фактура жазып беруіне шектеу қойылумен қатар, 1 млрд 259,4 млн теңге қосымша кіріс өндірілген.

Сондай-ақ, облыстағы кеден бекеттерінде 2021 жылдың 5 айында 12 709 тауарға арналған декларация - тәуекел бейіндері жүйесінің бағалауынан өткізіліп, 751 кедендік тексеріс жүргізілген. Жүргізілген кедендік тексеріп қарау нәтижелерінде 671 кеден заңнамаларының бұзылу фактілері анықталып, тиімділік көрсеткіші 89,3% құраған.


Соңғы жаңалықтар