Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жаңа басшы келді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен Тілегенов Әлібек Балықбайұлы Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалды. Бүгін ротация тәртібімен тағайындалған жаңа лауазым иесін облыс әкімі Ж.Түймебаев қабылдап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Салық - мемлекеттің кіріс көзінің басты қаржылық құралы. Барлық елдерде  мемлекеттік шығындар мен салық салу мәселесіне үлкен мән беріледі. Нарықтық қатынастар қалыптасқан мемлекеттерде салық экономиканы басқарудың негізгі күш құралы болып саналады. Бүгінде Елбасының Жарлығымен Түркістан қаласы облыс орталығы болып, Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис қалаға айналды. Енді алда атқарылар іс көп. Сондықтан да Сізді салық механизмін жетілдіріп, оны ары қарай дамытады деп сенім білдіремін»,-деді облыс әкімі.

Ә.Тілегенов 1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын «Ауыл шаруашылығы экономика және ұйымдастыру», ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Ұлттық Жоғары мектебін «Мемлекеттік басқару» біліктілігі бойынша, Қызылорда мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша оқып бітірген.

Еңбек жолын 1983 жылы Мақтаарал ауданы Коммунизм совхозы «Трудовосток» бөлімшесінің бухгалтері болып бастаған. Ол әр жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі аудандық басқармасының экономисі, аға және бас экономисі, аудан әкімінің орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік салық инспекциясы салық комитетінің басқарма бастығының орынбасары, мемлекеттік Кіріс министрлігінің басқарма бастығы, департамент директорының орынбасары, Тараз қаласы бойынша салық комитетінің төрағасы, Жамбыл, Қарағанды облысы бойынша салық департаменті бастығының орынбасары, Қызылорда  облысы бойынша салық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2010-2018 жылдары Шымкент қаласы бойынша салық басқармасының бастығы, Қызылорда  облысы бойынша салық департаментінің басшысы, Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып еңбек еткен.

Еске сала кетейік, департаменттің бұған дейінгі басшысы Үмбетәлиев Алтынсары Дүйсенбекұлы осыдан 2 апта бұрын қызметкері пара алғаны үшін өз еркімен жұмыстан кеткен болатын. 


Фото: www.aktau-business.com

Соңғы жаңалықтар