Түркістан облыстық мәслихатының төрағалығына Нұралы Әбішев сайланды

None
Фото: Түркістан облысының баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы болып Нұралы Әбішев сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін VIII шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының бірінші сессиясы болып өтті. Онда халық қалаулыларына депутаттық куәліктер салтанатты түрде тапсырылды.

Сессияда көпшіліктің дауыс беруімен Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы болып Нұралы Әбішев сайланды.

Сонымен қатар, Түркістан облыстық мәслихатының тұрақты комиссиялары құрылып, мүшелері мен төрағалары да сайланды.

Тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағалары да анықталды.

Сессия отырысына қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды халық қалаулыларын құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет. Кіріс көздерін ұлғайтып, өндіріс орындарын ашу үшін аудан, қала әкімдері, басқармалар, депутаттармен бірлесіп өңдеу өнеркәсібін, тау-кен өндірісін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқару – уақыт талабы. Осы ортақ, абыройлы жұмысты іске асыруға сіздер біркісідей ат салысады деп сенемін. Бұл ретте, депутаттарға тұрақты түрде сайлаушылармен кездесулер өткізу керек. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, соны жергілікті билікпен бірлесіп шешу – басты мақсат» – деді Дархан Сатыбалды.


Жаңадан сайланған депутаттық корпустың 12 мүшесі – ауыл шаруашылығы саласының мамандары болса, 11-і – бизнес саласының өкілдері.

Сондай-ақ, депутаттық корпуста 8-і – құрылыс саласында қызмет еткен мамандар мен 5 құқық қорғау органдарында қызмет атқарған азаматтар бар.

Білім мен қоғамдық-саяси салалардан 10 өкіл еніп отыр.




Соңғы жаңалықтар