Түркістан облыстық ІІД тіркеу-емтихан бөлімінің 38 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс сотқа өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан облыстық ІІД әкімшілік полициясы тіркеу-емтихан бөлімінің 38 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы бүгін облыстық сотта өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облысық соттың судьясы Тамара Смайлованың сөзінше, қылмыстық іс сотқа енді ғана келіп түскен.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 38 тұлғаға қатысты іс 1567 томнан тұрады. Барлығына күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазіргі таңда сотқа 362 том түскен», - дейді судья.

Брифингте белгілі болғандай, ішкі істер қызметкерлеріне ұйымдасқан қылмыстық топ құрған, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған, пара алған және өкілеттілігін асыра пайдаланған деген бірнеше баптармен айыптар тағылып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың шілде айында  Облыстық  ІІД әкімшілік полициясының тіркеу-емтихан бөлімінде арнайы  операция жүргізіліп, нәтижесінде басшысынан бастап 38 қызметкер ұсталған болатын. Ұсталғандарға ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік етті, пара алды және берді, қызмет бабын асыра пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген айыптар тағылып отыр. Сондай-ақ, бұрынғы полиция қызметкерлеріне қазақстандық және ресейлік жалған нөмірлер мен мөрлер жасады, оны пайдаланды  және жәбірленушілерге  миллиардтаған шығын келтірді деген кінә тағылуда. Бүгінгі таңда осы қылмыстардың арқасында мемлекетке баж салығын төлемеген мыңға жуық көлік анықталып, 4,4 млрд теңге шығын келгені белгілі болды.

 

Соңғы жаңалықтар