Түркістан мен Шымкенттің шығындары арнайы резервтен өтеледі - Қаржы министрлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістан мен Шымкенттің территориалдық өзгерістерін іске асыруға біраз қаржы қажет болады. Әзірше, оны Үкіметтің резервінен алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, шұғыл шараларға жергілікті бюджеттердің қаржысы да жұмсалады.

«Бізде Үкіметтің резерві бар. Ақшаның бір бөлігін сол жерден аламыз. Сосын жергілікті бюджеттер бар. Тағы бөлігін содан аламыз. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде нақты сомманы анықтаймыз деп ойлаймын. Қазір анық айта алмаймын. Күзде бюджетті нақтылаймыз. Оған дейін Үкіметтің резерві мен жергілікті бюджеттерді пайдаланамыз. Қаржы шұғыл қажет болып жатса, аталған екі жерден алып отырамыз», - деді Б.Сұлтанов журналистерге берген сұxбатында.

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының пайда болуына байланысты пікір білдіріп, арнайы құжатқа қол қойған болатын. Аталған тарихи оқиғаға байланысты видеоны AkordaPress әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Бүгін «Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының тоғызыншы бабына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойғалы отырмын. Бұдан былай бұл өңір Түркістан облысы деп аталатын болады. Осы әкімшілік аумақтың құрылымына өзгеріс енгізу арқылы бұл өңірдің өркендеуіне тың серпін беруді көздеген тарихи құжат болып саналады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар