Түркістан мен Алматы облыстары елордадағы жәрмеңкелер маусымын ашты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанында Түркістан және Алматы облыстары әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайынғы күзгі жәрмеңкелер маусымы басталды. Біз әр облыстағы әріптестерімізбен тиісті келісім жасадық. Бүгін келіп отырған екі өңір 800 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімін жеткізді, оның барлығы елімізде өндірілген. Ең бастысы, бұл жерде бағаның қолжетімдігін байқауға болады. Сұраныс өте жоғары, осындай жәрмеңке әр апта сайын болады. Қазір етке сұраныс көп екенін көрдік, соны алдағы аптада ескеретін боламыз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Әкім қала тұрғындарын санитарлық нормаларды бұзбауға шақырды.

Жәрмеңкеде Түркістан облысы шаруалары 447,2 тонна ауыл шаруашылығы өнімін 15-20 пайыз төмен бағамен ұсынуда. Атап айтқанда, 34 жүк көлігіне тиелген 267,7 тонна көкөніс, бақша, картоп, 29,5 тонна жеміс-жидек, 72 тонна ет және ет өнімдері, 47,5 тонна сүт өнімдері, 10 тонна балық, 6 тонна бал, 14,5 тонна жеміс шырыны мен консерві өнімдері қамтылған.

Өз кезегінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев әкімдік жәрмеңкеге арнап өңірден өнімдерді жеткізуге қолдау жасағанын атап өтті.

«Қалыптасқан дәстүр бойынша Алматы облысынан ауыл шаруашылығы өнімерін елордамызға жеткіздік. Осы орайда барлық аудан-қалалар тауарларын алып келді. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары біздің өнімді жақсы біледі әрі күтеді. Бізде ең таңдаулы алма түрлері, балық пен ет өнімдері бар. Қала тұрғындары тарапынан біздің тауарларға сұраныс жоғары екенін байқап тұрмыз. Бағаның өзі 15 пайыз шамасында арзан», - дейді облыс әкімінің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар