Түркістан құрылысына жастарды тарту қажет - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістан құрылысына жастарды тарту қажет. Бұл туралы бүгін «Тәуелсіздік ұрпақтары» Жастар жылының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір бүкіл Қазақстанда ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Үйлер, зауыттар салынуда. Біздің жас кезімізде, студент кезімізде арнайы студенттер отряды деген болатын. Демалыс кезінде жұмыс істеп, қомақты ақша табатынбыз. Осыған байланысты құрылыс жұмыстарына жастарды тартуды тапсырамын», - деді Елбасы.

Осыы ретте Мемлекет басшысы өткен жылы жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында құрылыс қарқынды жүріп жатқандығын еске салды.

«Түркістан облыс орталығы ретінде таяу жылдары үлкен қала болады деп отырмыз. Оның құрылысына жастар атсалысуы керек. Үкімет облыс әкімімен бірлесіп, бұл мәселені бақылауға алуы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтіп жатыр.

Шараға Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келді.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

Соңғы жаңалықтар