Түркістан көшелерінде ауыр жүк көліктеріне жүруге тыйым салынды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда ауыр жүк көліктеріне қала көшелерінде жүруге тыйым салынды. Бұл мәселе қала әкімі Рашид Аюповтың қатысуымен өткен мәжіліс кезінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілістің күн тәртібінде 1-сектор аумағында атқарылып жатқан жұмыстар мен «Алтын аймақ» аумағындағы кәріз жүйелерінің жүргізілуі, ауыр жүк көліктерінің қала көшелеріндегі қозғалысын реттеу мен қала көлеміндегі орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін автокөлік жолдарының жайы талқыланды.

«Қамқорлық» бастамасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы баяндалды. Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Н.Жарасовтың айтуынша, Яссы мөлтек ауданы, Ыждыхат тұрғын үй массивін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда аталған нысанның жоба-смета құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізуге тапсырылған. Нысанның сараптама қорытындысын алу 2020 жылдың сәуір айында жоспарланып отыр.

Ал, қалалық Полиция басқармасының Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Қ.Ешманов қаладағы ауыр жүк көліктерінің қала көшелерімен қозғалысын реттеу мәселелері туралы баяндады. Оның мәліметінше, «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында Түркістан қаласы Б.Саттарханов көшесімен жүк көліктері көптеп жүргендіктен жол қатты ластануда. Осыған байланысты құрылыс материалдарын тасымалдап жүрген жүк көлік жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабына сәйкес, 648 хаттама толтырылған. Жол ережесін бұзғандарға 1 813 000 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Сонымен қатар, үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде тас жол мен құрылыс нысандары арасында 14 көлік жуу орыны ашылған. Жүк көліктері дөңгелектерін сол жерде тазалап шығуға мүмкіндік қарастырылып отыр. Жүк автокөліктердің әуежай нысанына құрылыс заттарын тасымалдау бағытын анықтау мақсатында алдағы уақытта Оранғай ауылында орналасқан асфальт зауытының темір жол тұйығынан, «Кентау-Түркістан» тас жолымен Қосқорған, Шаға ауылдары арқылы әуежай нысанына құрылыс материалдарын тасымалдауы ұсынылған.

Жиын барысында қала көлеміндегі орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін автокөлік жолдарын зерделеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы барысы да айтылды.

Соңғы жаңалықтар