Түркістан: Кентауда модульді мал сою бекеті іске қосылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Кентау қаласына қарасты Жүйнек ауылында модульді мал сою алаңы ашылды. Бұл - 2019 жылы жүзеге асырылатын басымдықты 50 жобаның бірі, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Құны 11 млн теңге тұратын «НұрФархат» шаруа қожалығының басшысы мәлім еткендей, мұнда мал сою үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жерде мал дәрігері, екі қасапшы және лаборатория қызмет жасайды. Жалпы, 5 адам жұмыс істейді. Малдың сау не ауру екенін тексеріп барып союға рұқсат беріледі.

Сонымен қатар, ветеринар әрбір келген малды тізімге алып, егесінінің аты-жөнін компьютерге енгізіп отырады. Бұл жоба қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Бекеттің ішінде сойылған малды сақтауға арналған тоңазытқыш бар. Бұдан бөлек, малдарын алдын ала әкеліп қоятындар үшін қора-жай жасалған.

Шаруа қожалығы иесінің айтуынша, 11 млн теңгенің 5,5 млн теңгесін мемлекет субсидияласа, қалғанын шаруашылықтың өзі өтеуі тиіс. Бұл мемлекеттің арнайы шаруаларды қолдауға арналған бағыты. Заманауи үлгідегі мал сою алаңы ірі қара малдарды есептегенде, күніне 30 шақты малды союға қауқарлы.

Соңғы жаңалықтар