Түркістан қаласының құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілетін болады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен облыс орталығын жан-жақты дамыту туралы аппарат мәжілісі болып өтті. Жиында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев шаһардағы құрылыс жұмыстарымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар басшысының айтуынша, қаланың қазіргі таңдағы жер аумағы 19,6 мың гектарды құрайды. Ал, халық саны 165 мың адамға жеткен. Бас жоспарға сәйкес қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілетін болады. Алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы «Тарихи аймақты» қайта жаңғырту болса, екінші «Рухани мәдени орталықты» дамыту. Үшінші, 750 гектарды құрайтын әкімшілік-іскерлік орталығын салу.

Сондай-ақ, шаһар басшысы мемлекет мұқтаждығы үшін алынып жатқан жер телімдері мен қаланың инфрақұрылым, жылу, газ, ауыз су жүйесінің жайына тоқталды. Жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарының жайын баяндады. Оның айтуынша, Елбасының Түркістан қаласын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес 29 нысанның құрылысы өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдеріне бекітіліп отыр.

Сондай-ақ басқосуда Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Тілегенов облыс орталығындағы жол құрылысымен таныстырды. Жоспар бойынша ағымдағы жылы 974,2 шақырым жол мен көшелер құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады деп күтілуде. Оның биыл 653,2 шақырымы пайдалануға берілетін болады.

Түркістан қаласының жай-күйі жайлы баяндамаларды тыңдаған облыс басшысы шаһардағы тазалық, кәріз және су жүйелері мен жол сапасын сынға алып, мәселені тездетіп шешуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар