Түркістан қаласының әкімі шаһарды көгалдандыру жұмыстарымен танысты

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов жауапты мамандармен бірге бірқатар нысандарды аралап, шаһарды көріктендіру, көгеріштендіру айналдыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жазы өте ыстық болып келетін қалада тұрғындарға қолайлы жағдай тудыру қала әкімдігінің ерекше назарына алынған. Ал, жасыл белдеу - таза ауамен тыныстауға сеп болатын үлкен орман болмақ. Осы мақсатта, «Жасыл Түркістан» КММ-нің бастауымен қала аумағында орналасқан Арыс-Түркістан каналы мен теміржол бойына жаңадан ағаш көшеттері отырғызылды. Жалпы ауданы 112 га құрайтын 4 учаскіге 41 мың дана көшет егіліп, айналдыра 90 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылды.


Сала мамандарының сөзінше, осы ағаш көшеттері мен көгалды сумен қамту мақсатында 50 метрге дейінгі 9 ұңғыма қазылады.

«Бұл жер жаздың аптап ыстығында салқын саялы, көлеңкелі демалыс орындарының біріне айналмақ. Нәзір Төреқұлов көшесінің бойын демалыс аймағына айналдыру көзделген. Ондағы үйлердің алдындағы скверлерде спорт және балалар ойын алаңшасы, субұрқақ пен алтыбақандар қойылады деп жоспарланып отыр. Сол сияқты орталықтағы С.Қожанов көшесінде де арбат, скверлер мен демалыс орындарын жандандыру мақсатында жұмыстар атқарылуда»,- дейді сала мамандары.


Бұдан бөлек қала аумағындағы жер учаскелерін түгендеу жұмыстары аяқталған «Бекзат» мөлтекауданында қосымша заңсыз, өз бетінше иемденген жер учаскелері анықталған. Аталған мәселені жіті назарына алған Рашид Абатұлы мұндай заңсыз істерге тосқауыл қою үшін прокуратура мен полиция қызметкерлеріне бірлесе жұмыс жасауды тапсырды. Тұрғындармен жүздесіп, баспанасында отырған азаматтардың құжаттары заңдастырылатынын хабарлады.

Оның сөзінше, бұл жерлер инфрақұрылым толық аяқталған жағдайда ғана ретімен берілетін болады. Мамандар қала әкіміне Локомотив пайдалану депосында орналасқан паровоздың құрылысы жүріп жатқан теміржол вокзалы алдындағы аллеяға қойылатынын мәлімдеді. Тарихи ескерткіштің орнын ауыстыруды теміржол басшылығы бір айда жүзеге асырмақ.


Соңғы жаңалықтар