Түркістан қаласының әкімі көпқабатты үйлердің қысқа дайындығымен танысты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі әлеуметтік желіге келіп түскен өтініштерге зер салып, көпқабатты үйлердің қысқа дайындығымен танысып шықты. Рашид Аюпов бастаған әкімдік қызметкерлері 9 көпқабатты үйді аралап, жертөлелердегі сарқынды су мен құбырларды және беріліп жатқан жылудың деңгейін қадағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығындағы 1-інші және 2-інші мөлтекаудандағы тұрғын үйлерде қысқы маусымға дайындық пен жылу қазандықтарының талапқа сай жұмыс істеуі тексерілді. Шаһар басшысы үйлердің қазіргі жағдайын мұқият көріп шықты. Тексеріс барысында жылудың өз деңгейінде беріліп жатқаны белгілі болды. Алайда, жазғы уақытта қысқы маусымға байланысты жылу жүйесі талапқа сай жүргізілмегені анықталды. Бұл жұмыс жазда алдын ала жасалуы тиіс болатын. Осы мақсатта, қалада аталған сауалға жауап беретін сервистік мекеме болмағандықтан ОҚО үйлерді басқару ЖШС сервистік компаниясы жұмыс істеуде. Компания 1-2-мөлтек аудандағы жалпы саны 75 көпқабатты үйдің 24-мен келісім-шартқа тұрған. Аталған мәселе бойынша мекеме де жұмысын ширатпақ. Бақылау барысында сыртқы ауа температурасына байланысты жылу беріліп жатқандығынан халық хабардар болды. Ал, кейбір үйлерде өзіндік ішкі жөндеу жұмысына байланысты олқылықтар орын алған. Мамандар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мәселенің басын ашуға тырысты. Ал, жертөлелердегі қоқыстарды тазарту үшін көпқабатты үйлерде сенбіліктер өткізілетін болды.

Айта кетейік, шаһардағы жалпы саны 87 көпқабатты үйге 25 қазаннан бастап жылу берілген болатын. Оның 12-сі Отырар мөлтек ауданында орналасқан. Ал 1-інші және 2-інші мөлтекауданда 75 көпқабатты үй бар.

Соңғы жаңалықтар