Түркістан қаласының әкімі қаражатты тиімді жұмсау керектігін ескертті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда қала әкімі аппаратының кезекті мәжілісі өтті. Шаһар басшысы Рашид Аюповтың қатысуымен өткен басқосуда төтенше жағдайлардың алдын алу мен қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының 9 айда атқарған жұмыс барысы баяндалды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Асқар Сейсеновтің сөзінше, жыл басынан бері төтенше жағдайлар қызметінің диспетчерлік пунктіне 257 хабарлама түскен. Төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары өз деңгейінде атқарылып, улы газдан зардап шегу фактісі бойынша бірде-бір дерек тіркелмеген.

«Қызметкерлеріміз тарапынан 187 нысанға тексеріс жүргізілді. Оның ішіндегі 137-сі ерекше тәртіп бойынша, 50 нысан жоспарсыз тексерілді. Осы уақытқа дейін өрт қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған 79 тұрғынның 41-і ескерту алса, 38 азаматқа – 997 375 теңгені құрайтын айыппұл салынды. Жоспарға сәйкес тексеру жұмыстары жалғасуда. Түркістандықтардың арасында жылыту маусымында оқыс оқиға орын алмас үшін түсіндірме жұмыстары жүргізілуде»,- деді Асқар Сейсенов.

Ал, «Түркістан Жарық-Тазалық» ЖШС директоры Аян Тоғызбаев қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында сауда және тұрғын үйлермен келісім-шарт жасау және қаржысының түсімі туралы мәлімдеп өтті. Алайда оның баяндамасына қанағаттанбаған қала басшысы Рашид Аюпов келесі аптада осы өзекті мәселенің күн тәртібіне енгізілуін тапсырды. «Халықты нәтижелі жұмыспен қамту орталығы» МКК-нің жұмысы сынға алынып, қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев мекеме мамандарын қайта жасақтауды ұсынды.

Жиында сөз алған экономика және қаржы бөлімінің басшысы Зәуре Бимбетова жергілікті бюджеттің тоғыз айлық қорытындысы бойынша игерілуі 99,7 пайызды құрағанын жеткізді. Бұл ретте қала әкімі Зәуре Бимбетоваға дербес бөлімдер қаржысының игерілмеуі бойынша талап ету керектігін айтып, облыс орталығына айрықша мән беріліп отырғандығын назардан тыс қалдырмады. Сондықтан, республикадан, облыстан бөлінген қаржыны тұрғындарға жайлылық сыйлап, шаһарды көркейту жолында тиімді пайдалану кажеттілігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар