Түркістан қаласында жаңадан салынған 17 көпқабатты үй сатылымға қойылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында жаңадан салынған 17 көпқабатты үй «Отбасы банк» АҚ арқылы кредиттік жүйемен сатылымға қойылды.

Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің құрылысы мен аумағын абаттандыру жұмыстары туралы мәселе кезекті апталық мәжілісте талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың баяндауынша, желтоқсан айының соңына дейін 610 пәтер Түркістан қаласының тұрғын үйге мұқтаж отбасылар тізіміне тіркелген көпбалалы және әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға кезек ретімен баспана беру жоспарлануда.

Қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында бюджет есебінен 7, 9 және 12 қабатты 67 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге жаңа үйлердің аулалары абаттандырылып, балалар алаңқайлары салынуда. Жиында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы да баяндалды. Ауыл халқының тұрмысын көтеру үшін қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Түркістан облысының 86 ауылдық елдімекенінде 316 жоба іске асырылуда. Ол үшін ҚР Ұлттық қорынан, республикалық және облыстық бюджеттерден жалпы 16,3 млрд теңге бөлінген. Жобаларды іске асыру барысында 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, биыл 291 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 25 нысан келер жылға өтпелі. Бүгінгі таңда 230 нысанның жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Жыл басынан бері 8 мектептің қосымша құрылысы жүргізіліп, 10 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бір дәрігерлік амбулатория салынып, 4 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізген. Екі спорт нысаны мен 2 мәдениет нысаны, 15 табиғи газбен қамтамасыз ету нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге 13 электр қуатымен жабдықтау нысандары салынып, 261 ішкі көше орташа жөндеуден өткен.


Соңғы жаңалықтар