Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Түркістан қаласында жаңа теннис орталығы бой көтерді

2022 жылғы 7 маусым 09:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында жаңа теннис орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский жәнее 14 жасқа дейінгілер арасында әлемнің үшінші ракеткасы Заңғар Нұрланұлы қатысты.

Ю.Польскийдің атап өткеніндей, Қазақстанда теннис спорты кең қанат жайып келеді. Оған дәлел – Түркістандағы тамаша орталық.

«Қазіргі заманғы кешенде төрт жабық және үш ашық корт бар. Орталық жаңа әкімшілік ауданында орналасқан. Онда басқа да спорт нысандары орын тепкен, біртұтас спорт кластері деуге болады. Осыған дейін барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар және ірі қалаларда теннис орталықтары бой көтерген еді. Енді, міне, Түркістанда сондай ғимарат тұрғындар игілігіне беріліп отыр. Қаланың түрлі аудандарында қазірдің өзінде он корт бар, онда балалар да тенниспен айналысады. Бапкерлер базасы жұмыс істейді. Мұның бәрі өңірде теннистің дамуына игі септігін тигізетіні сөзсіз. Елімізде жалпы корттар саны 400-ден асады», деді Ю.Польский.

Бір жыл бойы салынған жаңа спорт кешенінде тенниспен кәсіби және әуесқой шұғылданатындар үшін барлық жағдай жасалған. Корттан басқа киініп, жуынатын орындар, тренажер залы, теориялық білім алу үшін конференц-зал, футбол алаңы, жүгіру жолағы, кафе бар. Спорт нысанының жалпы алаңы – 5 мың шаршы метр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рафаэль Надальдың Ролан Гаррос турнирін он төртінші рет ұтып алғанын жазған болатынбыз.


Автор:

Ғайсағали Сейтақ

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары