Түркістан қаласында мамыр айында бірқатар демалыс орындары ашылады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында мамыр айында бірқатар демалыс орындары ашылады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен жиында сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында облыс орталығында көптеген демалыс орындары пайда болып, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны айтылды. Мәселен, мамыр айының 15-не қарай бірнеше нысанның құрылысы аяқталмақ. Бұгінде қалалық футбол алаңшасында жасанды газон төселіп, енді алаңды жарық көздеріне қосу жұмыстары жүргізілуде. Қабылдау орталығының жанындағы аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да аяқталуға жақын. Ондағы жұмыстар мамыр айының ортасында аяқталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласында бой көтерген Пальма аллеясы ашылмақ. Қазіргі таңда балалар ойын алаңшасы орнатылып, жарықтандырылуда. Сондай-ақ, бірер күнде Түркістандағы теміржол аумағын абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Төреқұлов көшесіндегі абаттандыру жұмысы да соңына дейін жеткізіліп, пайдалануға берілмек.


«Тұңғыш Президент саябағы құрылысындағы жалпы кәріз және электр жүйелері толықтай аяқталды. Саябақ аумағында 3 мың түп ағаш отырғызу жоспарланып, 50%-ы отырғызылды. Желілік саябақ құрылысында сыртқы суғару жүйелерінің құрылысы, ағаштарды отырғызу, газон төсеу жұмыстары, сонымен бірге, керуен жолдары және канал құрылысы жұмыстарының 60 пайызы аяқталған. Түркістан қаласындағы тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. 24 тұрғын үй құрылыс нысандары салынып, алдағы қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Құрылыс нысандарына күнделікті мониторинг жүргізіледі»,- дейді салаға жауапты мамандар.

Аппарат отырысында сондай-ақ, қала әкімі Рашид Аюпов Түркістан қаласын дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстар мен жоспарлары туралы баяндама жасады.

Әкімнің айтуынша, әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы 7 қабатты 14 тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарының кірпіші қаланып, қабатаралық плита орнату жұмыстары жүріп жатыр. Батыс Қытай-Батыс Еуропа тасжолының бойындағы 7 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 12 қабатты 29 тұрғын үйдің құрылысындағы жұмыс та қарқынды. Жиынды қортындылаған аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев барлық құрылыстағы сақтық шараларының қатаң сақтануын қадағалауды, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды міндеттеді.


Соңғы жаңалықтар