Түркістан қаласында бағаны негізсіз көтергендерге айыппұл салынды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында бағаны негізсіз көтерген сауда орындарына 45 нұсқама беріліп, қазіргі таңда 3 субъектілерге айыппұл салынды. Облыс әкімдігі тарапынан шекті бөлшек сауда бағаларын негізсіз өсірмеу үшін сауда бағалары бойынша заңнама талаптарын бұзуды жою бойынша жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын-алу және баға белгілеуінің делдалдық схемаларын жою мақсатында, ірі сауда орындары мен дүкендер және әмбебап базарлармен облыс көлемінде 1098 меморандум түзілген.

Бүгінде Түркістан облысының тұрақтандыру қорында 6 мың тоннаға жуық тауар бар. Үкімет қаулысымен бекітілген негізгі 19 түрлі (ұн, күріш, макарон өнімдері, күнбағыс майы, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, құмшекер, ас тұзы) азық-түлік тауарлары тұрақтандыру қорының қоймасында сақтаулы.

Тек Түркістан қаласынының өзінде 13 әлеуметтік дүкен бар. Тамыз айынан бастап облыс орталығының бес сауда орындарында әлеуметтік бұрыштар ашылып әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтағы бағадан төмен сатылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Биыл қойманы толықтыру үшін 130 тоннаға жуық азық-түлік тауарлары сатып алынды.

Сондай-ақ қор арқылы қосымша мың тоннадан астам азық-түлік тауарларын сатып алуға мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде. Келер жылдың қаңтар-қыркүйек айларына «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ы арқылы тоннасы 90 мың теңгеден арзандатылған бидай босатылатын болады. Нәтижесінде бөлке нан бағасы 90 теңге, I сұрыпты бір келі ұнның бағасы 121 теңгені құрайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін Түркістан қаласында қосымша екі әлеуметтік дүкен ашу жоспарланған.

Қаладағы «Эко базар» аумағында 20-ға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда 743,9 млн. теңге сомасына 2 мың тоннаға жуық тауар нарық бағасынан 15-20 %-ға төмен бағамен сатылымға шығарылды. Бағаны тұрақтандыру мақсатында базарларда рейдтік, мониторингтік жұмыстар жалғасады.

Сауда үстемелерін 10%-нан жоғары көтеруге жол берілмеу бойынша нақты шаралар қолға алынған.


Соңғы жаңалықтар