Түркістан қаласында 752 жұмысшы жалақысын ала алмай отыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласындағы «Ақжол» ЖШС-нің жұмысшылар алдындағы үш айлық жалақы қарызы 232 млн 449 мың теңге болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апта бұрын Түркістан қаласындағы «Ақжол» ЖШС жұмысшылары 4 айдан бері жалақыларын ала алмай отырғандығын айтып, наразылыққа шыққан болатын. Тіпті, уақытылы жалақы берілмесе, жұмысқа шықпаймыз деп шағымдарын жеткізген еді.

Бүгін өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәселенің мән-жайына қатысты жауап берді.

«Көтеріліп отырған мәселеде «Ақжол» ЖШС бас мердігер емес, қосалқы мердігер ретінде жұмыстар жүргізген. Алдағы уақытта серіктестік өздерінің атқарған жұмыстарын бас мердігерге толыққанды дәлелдеп берген жағдайда айтылған соманың барлығы төленеді» - деді қала әкімі.

Ал, қаланың бас прокуроры Жаннұр Ахметбек кез келген жұмыс беруші жұмысшылардың еңбекақысын заңмен көзделген мерзімде толық төлеуге міндетті екендігін жеткізді.

«Еңбекақыны төлеуде біреуге сілтеме жасап, жалтаруға құқы жоқ» - деді ол.

Жалпы серіктестік қаладағы құрылыс саласында, жол төсеу, темір бетон өндіру, кірпіш шығару бағытында қызмет атқарады. Облыстың еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы инспектор Аскар Сейтказиннің сөзіне сүйенсек, заңды тұлғаның жұмысшылар алдындағы жалақы қарызы наурыз айына 29 млн, сәуір айына 100 млн, мамыр 102 млн теңге болған.

«Міндетті түрде орындау үшін арнайы нұсқама берілді. Одан бөлек, заңды тұлғаға әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Бұл жағдай бақылауда. Егер нұсқаманы уақытылы орындамаса, сот орындаушыларға өткіземіз», - деді инспектор.



Соңғы жаңалықтар