Түркістан қаласында 40 отбасы баспаналы болды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында 40 отбасы баспаналы болды. Тұрғындарды салтанатты жағдайда құттықтаған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мереке қарсаңызда баспаналы болған жандардың бірі Азамат Оразбаев бұл пәтерді жеті жыл күткенін айтады. Алты баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған әке үш бөлмелі пәтердің кең әрі жылы екенін айтады.

«Шаңырақ көтергенімізге 12 жылдан асты. Соның он бір жыл көлемінде пәтер жалдап тұрдық. Армандаған пәтерімізге бүгін қол жеткізіп отырмыз. Өте қуаныштымын. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Енді алтиы баламмен осы жерде жақсы өмір сүреміз деген үміттемін»,- дейді көпбалалы әке.

Жалпы, Түркістан қаласында желтоқсан айының соңына дейін баспана кезегінде тұрғандарға жалпы 610 пәтер беріледі деп жоспарланған. Олардың барлығы – көпбалалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы отбасыларға тапсырылмақ. Оның ішінде, көп балалы отбасыға 470 пәтер, әлсіз топтағы отбасыларға 140 пәтер беріледі.

Бүгінде шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы 14 көпқабатты тұрғын үйдің 763 пәтері «Отбасы банк» АҚ арқылы және көпқабатты 3 тұрғын үйдің 151 пәтері «7-20-25» бағдарламасы арқылы несие жүйесімен сатылымға қойылды. Бүгінде мұнда бюджет есебінен 7, 9 және 12 қабатты 67 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Сонымен бірге жаңа үйлердің аулалары абаттандырылып, балалар алаңқайлары салынып жатыр.


Соңғы жаңалықтар