Түркістан қаласында 300-ден астам заңсыз иеленген жерлер анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында 300-ден астам заңсыз иеленген жерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметіне таратқан ақпараттарға қарағанда, Түркістан прокуратурасы жүргізген тексерулердің нәтижесінде Түркістан қаласының аумағында пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 3 мың гектардан астам 80 жер учаскесі анықталып, оның 76-сы (көлемі 705,85 га) прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде мемлекетке қайтарылды.

Сондай-ақ кәсіпкерлер және жеке тұрғын үй құрылысына арналған 293 (жалпы көлемі 127,03 га) жерді жалған құжаттар жасау арқылы заңсыз иемдену бойынша мемлекетке 1,6 млрд. теңге залал келтірген.

Прокуратураның актілері негізінде бүгінгі күні аталған жерлердің 165-і қайтарылып (95га), мемлекеттің 1,3 млрд. теңгеге жуық материалдық мүдделері қорғалды.

Заңсыздықтарға жол берген Түркістан қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Елшібаев, қалалық жер кадастры бөлімшесінің басшысы Н.Көпбаев және осы мекемелердің басқа 3 қызметкері қылмыстық жауапқа тартылды (5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды).

Бұл ретте осы жолмен заңсыз рәсімделген 12 жер мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүлік тізіміне негізсіз қосылғаны әшкереленіп, прокуратураның талабы негізінде 6 жер дер кезінде тізімнен шығарылып, 25 млн. теңге көлеміндегі бюджет қаражаты үнемделсе, заңсыз өтемақы төленіп кеткен 6 жер бойынша 33,5 млн. теңге бюджет қаражатын қайтаруға шара қолданылуда.

Қазіргі уақытта жер саласындағы заңсыздықтар бойынша тағы 4 қылмыстық іс тергелу сатысында.

Соңғы жаңалықтар