Түркістан қаласына ағын су қалай жеткізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңін қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 3 жылда атқарылған ауқымды жұмыстар нәтижесінде Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды. Жалпы соңғы 3 жылда 536 жоба іске асып, оның 251 нысанның құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды, оларды өзара байланыстыратын даңғылдар қайта жөндеуден өтті. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды», - деді Ө. Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, қала көгілдір отынмен және ауыз сумен 100% қамтамасыз етілген. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Жасыл белдеу құрылып, 13 мың га жерге 3,5 млн түп ағаш егілген.

«Ағын су жағдайы бойынша Түркістан қаласына 234 млн текше метр ағын су жетіспейтін еді. Оның себебі – бар суды жинап, толықтай Түркістанға дейін жеткізу мәселесі қолға алынбаған еді. Ғалымдар мен ауыл ақсақалдарының пікірлерін тыңдай келе, Түркістан қаласына 550 млн текше метр ағын су жеткізудің жолын таптық. Біріншіден, «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы арқылы 60 млн текше метр су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. Бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні бетондау жұмыстарының 60 млн текше метр су үнемделеді», - деді Ө. Шөкеев.

Екіншіден, жаңадан «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасын салынды. Бұл қойма арқылы 31 млн текше метр ағын су жеткізіледі. Бұл – отыз жылда салынған өңірдегі бірінші су қоймасы. Нәтижесінде қазіргі таңда үлкен тоған биіктігі 26 метрге дейін көтеріліп, 90% бетонмен қапталды.

«Арыс-Түркістан магистральдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» арқылы 52 млн текше метр ағын су жеткізіледі. Бұдан бөлек, Жаңадан «Сарқырама» су қоймасын салу арқылы 65 млн текше метр ағын су Түркістанға жеткізіледі. Кентау қаласында суды төмендету жүйесін салу жобасы арқылы 40 млн текше метр ағын су жеткізіледі. Сонда біз 200 млн текше метр суды Түркістанға жеткізетін боламыз», - деп түсіндірді Ө. Шөкеев.


Соңғы жаңалықтар