Түркістан: Қала тұрғындары жаңа облыс орталығынан не күтеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығына айналды. Осыған орай қала тұрғындарының арасында сауалнама жүргіздік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауалнамаға қатысқан тұрғындарға «Келешекте облыс орталығынан не күтесіз?» деген сұрақ қойылды.

Жауап беруші респонденттер болашақта жаңа құрылыс алаңдары, жаңа ғимараттар, жаңа мәдени және білім ошақтары салынғанын қалайтындарын айтты.

«Түркістан - облыс орталығы болуға» лайықты бірден-бір қала», - дейді қала тұрғыны Эльмира Артықбаева.

Оның айтуынша, қаланы облыс орталығы ету - өте дұрыс таңдау. Өйткені, Түркістанға зиярат етушілердің саны күн санап артуда.

«Меніңше, ол болашақта туристердің қаласы болады. Түркі әлемінің астанасы әрі облыс орталығы ретінде мәртебесі арта түседі», - дейді ол.

«Облыс орталығы болғанын естіп, қатты қуанып жатырмыз. Енді бізге қажетті нысандар, ғимараттар салынса, құрылыстар басталса, үлкен қуаныш болар еді», - дейді Жарқынбек Құлбәйімбетов.

«Киелі мекен облыс орталығы болуға шын мәнінде лайықты. Меніңше, Түркістан облысы тарихи-мәдени тұрғыда басқа өңірлерден ілгері болуы керек. Мәдениеті биік сатыда болуы үшін арнайы мәдени ошақтар, музыкалық оқу орындары салынса, игі болар еді. Мәселен, Алматы облысының орталығын Талдықорғанға көшіргенде мәдени оқу орнын ашқан еді. Оңтүстік жұртына Шымкент қаласындағы бір ғана «Саз колледжі» аздық етері анық. Сондықтан Түркістан төрінен Музыка колледжі ашылса, Ясауи атындағы оқу орнының мамандары қала жастарын мәдениетке баулуда, сапалы музыканттарды даярлап шығару жолында қызмет атқарары сөзсіз», - деді қала тұрғыны Ерасыл Қауымбаев.

Еске сала кетсек, 18 маусымда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлығы жарияланған болатын.

Жадыра Қожахметова

Соңғы жаңалықтар