«Түркістан» анимациялық фильмінің тұсауы кесілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Түркістан» анимациялық фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңадан жарыққа шыққан туынды көрерменге «Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылығы марафоны аясында көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Анимациялық фильмнің желісі Түркістан қаласында өрбиді және балаларға жеңіл тілде жеткізіледі. Онда Қалқанқұлақ есімді баланың саяхаты арқылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалай және қашан соғылғаны туралы айтылады. Басты кейіпкер Түркістанға барып, Тәуке ханмен кездеседі. «Жеті жарғының» тарихымен танысады. Балалық ерлік жасайды. Жалпы, оқиғаның желісі жас көрермендерге қызықты етіп баяндалған.

«Біз бұл мультфильмді 4 айдың көлемінде дайындап шығардық. Енді барлық аудан-қалаларда балаларға тегін көрсетеміз. Сондай-ақ, бірнеше арналарда көрсету жоспарымызда бар. Көрермендер бұл туындыны сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы да көре алады»,- дейді «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев.

Айта кетейік, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша анимациялық фильм түсіруден Түркістан облысы республикада алдыңғы орынға шықты. «Сақ» киностудиясы облыс әкімдігінің тарсырысымен жасөспірімдерге, балақайларға ел тарихын тануға, отаншыл болып өсуді дәріптейтін анимациялық және көркем фильмдер түсірді. Олардың қатарында «Отырарды қорғау», «Жетігеннің жеті сыры», «Киелі Қазығұрт», «Оқсыз оқиғасы» сынды бірнеше анимациялық фильмді жарыққа шығарды.

Соңғы жаңалықтар