Түркістан әлемдік деңгейдегі шаһар ретінде дамытылады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысының орталығында сәулетшілер мен археологтар, тарихшылар мен суретшілер бас қосты. Өз салаларында елімізге белгілі 40-қа жуық азамат дөңгелек үстел барысында Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жайын сөз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан қаласындағы жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебев облыс орталығына айналып отырған шаһарды экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени жағынан дамыту басты мақсат екенін атап өтті.

«Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» тұжырымдаамасы жасалды. Оның басты бағыттарының бірі туристік индустрияны дамыту болып белгіленді. Жобаның негізгі идеялық мәні - Түркістан қаласын Түркі әлемінің тарихи астанасы контексінде «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдерге ұсыну. Сонымен қатар, түркітілдес халықтардың сәулеттік, этнографиялық және ұлттық гастрономиялық бағыттарын танытып, қаланы түркі әлемінің мәдени орталығына айналдыру болып табылады»,-деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, жалпы жоба 99,6 гектар жер аумақты қамти отырып, үш кезеңде іске асырылатын болады. Бірінші кезеңде Түркия тарапынан салынған мешіттің оңтүстік шығыс бетіндегі 61,8 гектар жер аумағына «Этоносаябақ» салу көзделсе, екінші кезеңде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қарсы бетіндегі 12,3 гектар жер аумағында «ТҮРІКСОЙ» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтары мен сол елдердің тарихын сипаттайтын нысандардың құрылысы жүргізілетін болады. Ал, үшінші кезеңде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің 88,7 гектар аумағындағы бекініс қорғаны мен арбатты және оның бойындағы ғимараттар жаңғыртылмақ.

Отырыста Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, професор Бауыржан Байтанаев, Интеллект-эксперт» әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, професор, академик Саттар Мәжитов, әдебиет сыншысы, жазушы, тарихшы ғалым Құлбек Ергөбек, ҚР құрметті сәулетшісі, саясаттану ғылымдарының кандитаты Ғабит Садырбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжановтар сөз алып, Түркістанды дамыту бойынша өз ойларын ортаға салды.

Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі Түркістан туризм саласы бойынша Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелесіп, Түркі әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетіп, мәртебесін асқақтататынын жеткізді. Сонымен қатар, ұтымды ұсынысқа қолдау білдірген барша жиынға қатысушыларға шынайы алғысын айтты.

Соңғы жаңалықтар