Түркістан ӘКК тыйым салынғанына қарамастан екі жыл бойы инвесторларға несие беріп келген

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы бойынша бәселекелестікті қорғау және дамыту департаментінің атына Түркістан облысы прокуратурасынан ұсыныс түскен. Онда монополияға қарсы органның «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның келісілмеген қызмет түрін көрсетуін тексеруді өтінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан ӘКК 2018 жылғы наурыздан бастап 2020 жылғы қазанға дейін инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде инвесторларға несие сомасынан жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01%-дан 14%-ға дейін жалпы сомасы 5,7 миллиард теңгеге несие берген.

Алайда, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы бұйрығымен бекітілген Түркістан ӘКК жарғысына сәйкес несие беру бойынша қызмет түрі көзделмеген.

Үкіметтің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1095 қаулысымен бекітілген, мемлекеттік кәсіпорындар, акциясының (жарғылық капиталға қатысу үлесiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбенің 4-бөліміне сәйкес «несие беру» қызмет түрі көзделмеген.

Департамент ҚР Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын басшылыққа ала отырып, Түркістан ӘКК-не қатысты «несие беру» бойынша қызмет түрін көрсетуді тоқтату арқылы «бұзушылықтар мен олардың салдарын жою туралы» нұсқама жолдады.

Алайда, Түркістан ӘКК Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына «бұзушылықтар мен олардың салдарларын жою туралы» нұсқаманың күшін жою және заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап арыз жолдады.

2022 жылғы 22 қыркүйекте МАӘС Түркістан ӘКК-нің әкімшілік талап арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды, атап айтқанда, Департаменттің нұсқамасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетігін іске асыру үшін несие беру бөлігінде ғана жойылды.

Ал, МАӘС шешімімен инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде несиені заңсыз беру фактісі анықталды.

Бүгінгі таңда Түркістан ӘКК аталған МАӘС шешімімен келіспей, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым жолдады.


Соңғы жаңалықтар