Түркістан әкімі кәсіпкерлермен кездесті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов 200-ге жуық кәсіпкермен, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Жиын барысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланып, іскер азаматтардың ұсыныс-тілектері тыңдалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар басшысы базарлар, қонақ үйлер, тойхана мен дәмханалар, дүкендер және өзге де кәсіпкерлік нысан иелеріне биылғы жылдың өзекті жобалары жайлы жан-жақты ақпарат берді. Кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

⠀«Осы жылы қаламызға 2 миллионға жуық турист келеді деп жоспарлап отырмыз. Оған сіздердің қолдауларыңыз керек. Қаламыз жайлы, ыңғайлы және қызықты болуы үшін коммерциялық бағыттарды да қарастыру үстіндеміз. Бүгінде салынып жатқан құрылысқа қажетті заттарды өзге қалалардан алуға тура келеді. Кәсіпкерлеріміз осындай дүниелерді өздері жасап, «Түркістанда жасалған« құрылыс тауарлары мен өнімдерін жандандырса деген ниет білдіремін», - деді қала әкімі.


Рашид Аюпов сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар, мәдени орталықтар басшылары және өкілдерімен де кездесу өткізді. Шаһар басшысы жиын барысында қаланың көркейіп, гүлденуі үшін биыл атқарылатын жобалар жайлы ақпарат берді. Болашақта жасалған жобаларға қарсы пікірлер туындамас үшін бүгіннен әрбір іске кез келген тұрғын өз ойларын ортаға салып, әлеуметтік желі парақшаларына жолдап отыруды сұрады.

«Қаламызда «Ашық бюджет» жобасы осы жылы пилоттық режимде іске асырылатын болады. Полиция, жедел жәрдем, газ т.б маңызды бағыттар үшін тек бір ғана 112 нөмірімен байланысу мүмкіндігін сәуір айынан бастап жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», - деді Рашид Аюпов.

Түркістан әкімі тұрғындар тарапынан түсетін шағымдардың көп бөлігі жұмыстың сапасы мен бақылау жүйесінің төмен екендігінде қатысты екенін айтып өтті. Бұл бағытта әрбір мөлтекауданда салынып жатқан нысандарды тұрғындар мен белсенді жандар топ болып бақылап, әкімдікті хабардар етіп отыруға шақырды. Бұл тәсіл - кемшіліктерді жоюдың бір кепілі екендігін жеткізді.



Соңғы жаңалықтар