Түркіменстанда темекі сатуға тыйым салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркіменстан билігі темекімен күрес бағдарламасы аясында бірнеше мың қорап темекіні жағып жіберді. Сондай-ақ елде толықтай темекі сатуға тыйым салды, деп жазады Би-Би-Си.

Chrono-TM порталының мәліметіне сүйенсек, темекі сатумен айналысқандарға 1,7 мың доллар айыппұл салынады. Би-Би-Си хабарлағандай, Түркіменстан дүңгіршектерінде шынымен де темекі қалмаған. Ал Chrono-TM болса, бір қорап темекі қара базарда 12 долларға дейін баратынын хабарлады.

Франс-пресс жазғандай, 5 қаңтарда теледидардан көрсетілген үкімет отырысынан кейін дүкендер мен дүңгіршектердің иелері темекіні тек жақын таныстарына ғана сата бастаған. Отырыс кезінде президент Гурбангулы Бердымухаммедов дені сау қоғам және қауіпсіздікті қорғау мемлекеттің қызметінің жұмысын сынға алып, темекімен күресуде талап күшейтуге шақырған болатын. Осыдан кейін темекі өртеу шарасы басталды. Сондай-ақ дүкендерде де тексеріс жүргізілуде. Президенттің өзі дәрігер-дантист болған. БАҚ-тың хабарлауынша, салауатты өмір салтын берік ұстанған.

2011 жылы табакқа акциз салығы өсірілді, ал 2013 жылы қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынған болатын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, Түркіменстан темекі аз шегетін елдер қатарында. Сондай-ақ елде темекі бағасы да анағұрлым қымбат болып келеді.

Соңғы жаңалықтар