Түркіменстан Ляньюньгандағы қазақстандық логистикалық орталық тәжірибесін зерттеуге қызығушылық танытып отыр

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Түркіменстан ҚХР-дың Ляньюньган кемежайында логистикалық орталықты құру және тиімді пайдалану тәжірибесін зерттеуге қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы қазақстандық тілшілерге берген сұхбатында Түркіменстанның Қытайдағы Елшісі Чинар Рустамова айтты.

«Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» трансұлттық көлік дәлізінің тақырыбы алғаш рет оның табысты қызметі турады әзірге хабары аз қытайлық аудиторияның алдында қозғалды. Біз елдеріміздің арасындағы сауданы жандандырып, сол арқылы Қазақстан және Түркіменстан үкіметтерінің Жібек жолын жаңа сапада жандандыру саласында қойған міндеттерін іске асыру үшін Қытайдан Парсы шығанағы елдеріне жүктерді тасымалдау қарқынын өсіруге ниеттіміз. Мысалы, Қазақстанның «Нұрлы жол» ұлттық бағдарламасы да, біздің құрметті Президентіміз Гурбангулы Бердімұхамедовтың стратегиясы да бірінші кезекте экономиканы оңтайландыру және біздің халықтарымыздың өмірін жақсарту үшін оның тұрақты дамуын қамтамасыз етілуін қарастырады», - деді ол 25 сәуірде Бейжіңде өткен «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» бағдары бойынша теміржол қатынасының таныстырылымы кезінде.

Оның айтуынша, қытай бизнесінің аталған дәліздің басымдықтарымен танысуы бойынша жұмыс жалғастырылатын болады.

«2013 жылы Қытайға Елші ретінде келгенімде, мен Ляньюньган қаласындағы Қазақстан-Қытай логистикалық орталығына бардым. Онда бұл жерде дайындық жұмыстары енді ғана басталып жатқан еді. Бүгін мен қала басшылығынан Түркіменстаннан келген делегацияның да Қазақстанның болашағы зор және өнегелі тәжірибесін зерттеу және қолдану үшін тиімді қызмет етіп отырған орталыққа баруын сұрадым. Түркіменстанда Қазақстанның Ляньюньган кемежайындағы логистикалық орталығына үлкен мән беріп отыр», - деді ол.

Еске сала кетейік, шараны Қазақстан мен Түркіменстанның Қытайдағы Елшіліктері сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ ұйымдастырған. Таныстырылымға 130-дан астам адам қатысты, олардың арасында Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев, Түркіменстанның Қытайдағы Елшісі Чинар Рустамова, ҚХР Шэньси провинциясындағы Сиань қаласының мэрі Шангуан Цзицин, ҚКП Ляньюньган қаласындағы партия комитетінің хатшысы және аталған қала әкімшілігінің директоры У Ицяо, «Қытай теміржолдары» компаниясының вице-президенті Хуан Минь, Түркіменстан Теміржол көлігі министрлігі маркетинг бөлімінің бастығы Азат Арызмедов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның логистика жөніндегі вице-президенті Қанат Алпысбаев, ҚХР СІМ-нің өкілдері, сондай-ақ 40-қа жуық қытайлық көлік компаниялары мен БАҚ қатысты.

Шара қытайлық бизнес өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудырды.

Соңғы жаңалықтар